ҚАЗАЛЫДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

52

0

ҚАЗАЛЫДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІЖуырда облыс әкімінің орынбасары Серік
Қожаниязов кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстармен танысу мақсатында
ауданымызға арнайы іссапармен келді. Алдымен Әйтеке би кентіндегі
ветеринариялық және қолдан ұрықтандыру пункттерін аралап көрді.

Аудан бойынша 20 округтен ветеринариялық
пункт ашу үшін облыстық бюджеттен 40,6 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 7,1
млн. қаржы бөлінген болатын. Конкурстың нәтижесінде әзірге 15 елді мекеннен
ветеринариялық пункт­терге ғимараттар сатып алынды. Соның бірі Әйтеке би кенті
Ғабдуллин көшесіндегі 4,7 млн. теңгеге сатып алынған ветеринариялық пункт қызметін
бастап кетті. Сондай-ақ «Асыл-Тұқым» ЖШС дистрибьютерлік орталығы мен «Аудандық
ветеринариялық станциясы» МКК арасындағы келісім шартқа сәйкес аудан бойынша 10
елді мекеннен 642 мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылды. Бұл жұмыстар әрі
қарай жалғастырылады.

Аймақ басшысының орынбасары Әйтеке би
кентінің солтүстік батыс беткейінде өндірістік аймақ үшін бөлінген жер
учаскелерін көрді. Осы мақсатта кенттегі аталған аймақта 3 жер учаскесі
белгіленді. Бірінші кезекте 12,7
га жердегі учаскені инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге
республикалық бюджеттен 159,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Кәсіпкерлер тарапынан
жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын жаңа 11 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Өндірістік аймақ» жобасы іске асырылғаннан кейін 100-ден астам адам жұмыспен
қамтылады деп күтілуде.

Бұдан соң «АрМ-Ком» ЖШС жұмысы
таныстырылды. Серіктестік негізінен балық, мал шаруашылығымен және тұрмыстық
қызмет көрсетумен айналысады. 2014 жылы пеноблок бұйымдарын шығару цехын іске
қосып, 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Енді халыққа қызмет көрсетуді одан
әрі дамыту мақсатында кәсіпкер А.Мақсатбай өз қаражаты есебінен жыл аяғына
дейін элиталық монша, балық сату дүкенін ашуды жоспарлап отыр. Ал, жеке
кәсіпкер З.Қожағұл өз қаржысы есебінен 25 орынға арналған қоғамдық монша ашуды
жоспарлауда. Ғимараттың 1-қабатында ерлер және әйелдерге арналған монша,
2-қабатында шаштараз, маникюр, педикюр, тағы басқа қызмет көрсету орындарында
10 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Жақында ашылған «Алтын Орда» қонақ үйі
және фитнес орталығы салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған аудандағы
бірден-бір кешен. Мұнда 25 орынға арналған қонақ үй мен 25 түрлі спорттық
жаттығу құрылғысымен жабдықталған фитнес зал орналасқан. 10 адам қызмет
жасайды. Осы орталықты көрген облыс басшысының орынбасары жеке кәсіпкер
К.Өтегеноваға ризашылық танытты.

Келесі сапар Ақтан батыр ауылындағы
Мінажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» серіктестігінің «500 басқа арналған
мал бордақылау кешені» жобасымен танысуға арналды. Жалпы құны 335 млн. теңге
құрайтын мал бордақылау алаңын салу жобасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда
филиалы арқылы қаржыландырылуда. Қазіргі таңда 58 млн. теңге бөлініп, құрылыс
жұмыстары басталды. Осының 17 млн. теңгесі серіктестіктің өз қаржысы есебінен
құйылды. Аталған жоба іске асқан жағдайда жылына 220 тоннадан астам ет өндіріп,
16 адам жаңа жұмысқа кіріседі. Қазіргі таңда жобаны тиісті инфрақұрылыммен
қамтамасыз ету мақсатында 108,8 млн. теңгеге жоба-сметалық құны әзірленіп,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына ұсынылды. Жоба бойынша 500 бас
ірі қараға арналған 6 қора, ветеринарлық және мал сою пункті, шөп сақтау
қорасын салу жоспарлануда. Қазірде жұмысшыларға арналған екі үй салынып, қоршау
жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылы маусым айында мал әкелініп, тамыз айында
алғашқы сапалы ет өнімдері тұтынушыларға жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл
жөнінде серіктестік директоры М.Өтеев жан-жақты баяндап берді.

Аудандағы кәсіпкерлікті дамытуға
байланысты игілікті жұмыстарға көз жеткізген облыс әкімінің орынбасары
С.Қожаниязов қатысушыларға Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жеткізді.

Ж.МӘКЕНАЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз