ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚАУЫРТ ҚИМЫЛ

52

0

«Еңбектің – наны тәтті». Бұл күндері Қазалыда еңбек дүбірі қыза түсті. Егіс танаптарынан естілген мотор үні бір сәтке де толастар емес. Ауа райының қолайлы кезеңін ұтырлы пайдаланған диқан қауымы ырзық-несібесін ысырапсыз жинап алуға тырысып бағуда. Аудан әкімі Бақыт Жахановтан бастап ат арқасындағы азаматтарды да алқап басынан жиі жолықтырасыз. Бұл түсінікті де. Төртеу түгел болса төбедегі келеді.

Ағымдағы жылы Қазалыда күріш дақылы 7435 гектар жерге егілді. Бүгінгі таңда 5150 га егістіктің суы тартылып болды. Яғни, орақ салуға дайын. Қалған бөліктегі суды қашыртқылау жуырда толық аяқталады. Бірақ, аудан көлемінде күріш орағына байланысты жұмыстар жоспарланған кестеден ауытқып жат­қан­дай. Оның астарын күн қабағынан іздеген жөн. Дақыл кештеу пісіп-же­тілді. Десе де, шаруашылықтар нау­қанға жаппай кірісіп кетті. Ору мен бас­тыру шаралары үйлестірілуде.

Диқаншылар мемлекет тара­пы­нан көрсетілген қолдаудың игі­лі­гін татуда. Ел бюджетінен тыңайт­қышқа, гербицидке, суармалы су құ­нын субсидиялауға қомақты қар­жы бөлінді. Сонымен қатар, бас­ты дақылдарға облыс әкімінің қау­лысымен жаңадан белгіленген нормативпен қосымша ақша төленеді деп отыр. Егін жинауға қолда бар техника жұмылдырылды. Комбайн, жатка, трактор, жүк көліктері жөндеуден өтіп, міндеттерін атқаруда. Оған қоса тапсырыспен «Қазагро қаржы» АҚ-дан сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары толымды тірлік тындырып жатыр. Мемлекет тарапынан дала жұмыстарына босатылған арзандатылған дизель отынын шаруашылықтарға жеткізіп беруге операторлар бекітілген-ді. Бұл тұрғыда да кідіріс жоқ.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз