АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫ

45

0

АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫКеше «Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық телекомму­никациялар
орта­лы­ғын­да облыстық про­куратураның биыл­ғы бірінші жарты­жылдықтағы
атқарған жұмыстары қоры­тындыланды. Бұл туралы облыс прокуроры Сапарбек
Нұрпейісов баяндап берді.

Сапарбек
Айтуұлының мәлім­деуінше, облыс прокуратура органдарының басты күш-жі­гері
азаматтардың бұзылған құ­­қық­тарын қорғау, заңдылық пен құ­қықтық тәртіпті
қамтамасыз ету, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын
қолдауға бағытталған Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмаларын
орындауға жұмылдырылған.

Әлеуметтік-экономикалық саладағы
заңдылықтың сақталуын қадағалау бағытында облыстық прокуратура 13 мың азаматтың
конституциялық құқығын қорғап, сегіз мың жұмысшыға тиесілі 650 млн. теңге
жалақы қарызының төленуін қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, олар «Еңбек биржа
ЛТД компаниясы”, «Фрак Джет”, «Құмкөл көлік қызметі”, «Құмкөл-Сервис”, «Орта
Азия көлігі” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқа да барлығы
жиырма сегіз мекеме жалақыға қарыз екен.

Өткен алты айда сыбайлас жемқорлыққа
жол берген отыз үш тұлға жауапқа тартылса, оның он екісі басшы құрамнан болғаны
тіпті өкінішті. Олардың арасында қала әкімінің орынбасары, қалалық және
аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары, спорт басқармасы басшысының орынбасары,
басқа да лауазым иелері бар екен. Осы санатта сегіз қылмыстық іс қозғалып,
мемлекет бюджетіне 40 млн. теңге
өндіріліпті. Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылдық округінің әкімі
Ж.Әбілхайыровқа сот қаулысымен 50 АЕК айыппұл салынса, Сырдария ауданының екі
ауылдық округ әкімі қызметінен босатылған.

Осы аралықта үйлестірілген және өзге
де шаралармен мұнайдың жаппай ұрлануына тосқауыл қою мақсатында прокуратураның
ұсы­нысымен мұнай құбырлары ор­наласқан жерлер авиация арқылы тексеріліпті. Бұл
мақсатқа бюджеттен 24 млн. теңге бөлінген. Сонымен бірге прокурорлық қадағалау
негізінде жалпы көлемі 479,32
га. жер учаскелері қайтарылып, мемлекет пайдасына 100
млн. теңге өндірілген.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау
саласында бірқатар шаралар жүргізілген. Мысалы, кедендік бақылау департаменті
тарапынан 350 млн. теңгеге негізсіз берілген нұсқаманың күші жойылса,
кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге байланысты жарияланған мораторий талаптарын
бұзғаны үшін облыстық ішкі істер департаменті басқарма бастығының қызметіне
толық сәйкес еместігі туралы ескертілген.

Есепті мерзімде мың жарым кәмелетке
толмағандардың конституциялық құқығы қорғалып, заң бұзушылықтарға жол берген
500 кінәлі түрлі жауапкершіліктерге тартылса, прокуратураның араласуынан кейін
209 жасөспірімге 3 млн. теңге жәрдемақы төленген.

Діни экстремизм және терроризм
бойынша «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заң талаптарын бұзғаны үшін
төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, облыстық прокуратураның арыздары
бойынша сот шешімдерімен экстремистік деп танылған 37 ақпараттық материалдарды
таратуға тыйым салынған.

Енді облыс көлеміндегі қылмыстық
ахуалға тоқталатын болсақ, алғашқы жартыжылдықта 5,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл
өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 8,6 пайызға тө­мендеген. Қылмыс
құры­лымындағы айрықша өзгеріс­тің тағы бірі – тонау мен қарақ­шылықтың
төмендеуі. Кәме­летке толмағандардың қаты­суымен жа­салған қылмыстар 59-ды
құрап, былтырғы жылдан он үшке азайыпты.

Брифингте сонымен бірге азаматтық
және әкімшілік істер, атқарушылық іс жүргізу, басқа да мәселелер толығынан
қамтылды.

Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов
журналистер сауалдарына салиқалы жауап қайтарды.

Бақтыбай
БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз