АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

60

0

Биылғы жылғы егін жинау науқаны 15 қазанда
аяқталады деп жоспарланып отыр. Соған сәйкес «Алтын күз” мерекелік шаралары
18-19 қазан күндері өткізіледі деп күтілуде. Бұл жөнінде облыстық
коммуникациялар орталығында журналистермен жүздескен облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуов айтып берді.

Дәуірбек Кеңесұлы алдымен облыста
азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде
айтты. Бүгінде статистикалық мәліметтер бойынша азық-түлік тауарларының индексі
2014 жылдың қыркүйек айын өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 105
пайызды құрап отыр. Республика бойынша алғанда бұл көрсеткіш 105,6 пайыз. Ауыл
шаруашылығы басқармасы күнделікті жүргізіп жатқан мониторинг бойынша облыстың
ішкі нарығындағы әлеуметтік маңызы бар 33 негізгі азық-түлік тауарларының
бағалары қазан айын биылғы ақпан айымен салыстырғанда 21 өнім бойынша өсімнің
бары байқалады. Ал сегіз түрлі өнім бағасы төмендеген. Сондай-ақ, төрт өнім
бағасы қалыпты жағдайда ұсталуда.

Жалпы бүгінгі күні облыста әлеуметтік
маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында жұмысшы
тобы мен тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы және арнайы құрылған штаб жұмыс
жасайды. Негізі Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарындағы ірі
жабдықтаушылар мен өнім өндірушілер арасында негізгі азық-түлік тауарларын 5-10
пайыздық үстемеден асырмай сату жөнінде 46 меморандумға қол қойылған. Соның
нәтижесінде жыл басынан бері 58 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі
өткізіліп, онда 114,9 млн. теңгенің өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен
сатылған. Оның үстіне биыл «Байқоңыр” ӘКК ҰК акционерлік қоғамының жарғылық
қорын ұлғайту арқылы «Қызылорда қаржы компаниясы” ЖШС бірінші сортты ұн, қант
және ақ күріш бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында аталған тауарларды
сатып алуға 200 млн. теңге қаржы да бөлінген. Мұнан бөлек тұрақтандыру қорына
белгіленген өнімдерді сатып алуға бюджеттен қосымша 180 млн. теңге қаржы бөлу
мәселесі де қарастырылуда. Жалпы бүгінгі күнге дейін белгіленген көлемнен
тұрақтандыру қорына 500 тонна картоп, мың тонна жуа, 500 тонна сәбіз бен 87,6
тонна күріш сатып алынды. Алдағы уақытта бұл жұмыс өзінің жалғасын таба бермек.

Кездесу соңында басқарма басшысы қазіргі
егін жинау науқаны жайлы да айтып өтті. Бүгінде облыстың басты дақылы –
күріштің 91,7 пайызы орылып, оның 74,2 пайызы бастырылған. Әзірге облыс бойынша
орташа түсім гектарына 45 центнерден айналуда. Сондай-ақ, межеленген тұқымның
82,6 пайызы құйылған. Жалпы, алдағы аптада егін орағын толық аяқтап, «Алтын
күз” мерекесін өткізу жоспарлануда.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз