ҚАЗЫНАЛЫ ҚАЗАЛЫНЫҢ ӨНЕРІ

85

0

Бейсенбі
күні Қызылорда қаласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнері күніне арналған
«Қазыналы Қазалы» атты мерекелік концерті өтті. Думанды кешті облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев тамашалады.

Қазыналы Қазалы – ынтымағы
сүттей ұйып, берекесі артқан, тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құтты, қызырлы
мекен. Сондықтан, ауданның өнерпаздары кешті тарихтан сыр шертетін
театрландырылған қойылыммен бастады. Композиция көрермен көңілін өзінің әсерлі
көріністерімен, сырлы сөздерімен баурап алды. Онда актерлер Жанкентте дүниеге
келген Қорқыт бабаның, әулие, батыр Жанқожа мен айтулы қаһарман Ақтан батырдың,
атағы алты қырдан асқан әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің, қара қылды қақ жарған
Әйтеке бидің, жасындай жарқылдаған жігерлі жас Ғанидың образын сомдап, ғасырлар
қойнауынан олардың үнін, аяулы аманатын жеткізді.

Бұдан басқа, киелі мекеннің
мәдениетін ұлықтайтын мерекелік бағдарламада тамылжыған ән шырқалып,
күмбірлеген күй төгілді. Өнерпаздар қаланың өнерсүйер қауымын рухани
азықтандырып, шат көңілдерін шалқытты.

«Аналар ансамблінің» әні,
Жарылқасын Ешниязов, Айгүл Маратқызы, Мөлдір Малдыбаева, Мұрат Әділ, Әлібек
Айдаров, Бақыткелді Надиров, Дастан Пірімбаев, Есет Табынбаев, Берік Әбиев,
Әсет Қуандық, Дамир Құдайбергенов, Досжан Кітапбаев, Бақтыгүл Құдайбергенова,
Ақбөпе Кеулімжаева, Ұлболсын Кемал елдің рухын көтеретін әндер шырқады.

Ауданның мәдениетін
дамытып, өрістетуде халықтық атағы бар Мырза атындағы халық оркестрі «Жанқожа
батыр» күйін әуелетті. «Қазалы жігіттері» тобы «Туған жер» әнін тамылжыта
орындаса, термешілер Ақерке, Өтепбергенова, Серік Жүсіпов, Әзілхан Мақсатбаев,
Кеңес Болатбекұлы Сыр сүлейлерінің асыл сөздерін термелетіп, көрерменнің құлақ
құрышын бір қандырды. Аудандық әуез мектебі жанынан құрылған «Назқоңыр» қыздар
вокалды тобы және балалар хор ұжымы да өнерлерімен тыңдарманды тәнті қылды.

Мерекелік концерттік
бағдарламаның соңында әнші Кенже-Әлі Асқардың орындауында Ескендір
Хасанғалиевтің патриоттық «Атамекен» әні шырқалып, сахнаның шымылдығы жабылды.

Өнер ұжымына көрермендер ду
қол шапалақтап, ыстық ықыластарын білдірді. Олардың өнеріне жоғары баға беріп,
мерекелік көңіл күймен тарқасты.

 

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз