БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ БҰЗАҚЫЛЫҚ

41

0

оны құқық тосқауылы тоқтатуда
Жуырда А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қала аумағында құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті күшейту және олардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды қорытындылаған кеңейтілген кеңес болып өтті. Аталмыш шараға Қызылорда қалалық прокуратурасы мен ішкі істер басқармасының қызметкерлері, қалаға қарасты ауылдық округтердің әкімдері, мектеп директорлары мен балабақшалардың меңгерушілері қатысты.
Кеңесте қала прокуроры Әбдікәрім Абдуллаев пен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.
Облыс орталығындағы қылмыстардың басым бөлігі күнделікті тұрмыстағы әлеуметтік дау-жанжалдар мен қоғамдық орындардағы бұзақылардың теріс қылықтарынан туындаған. Дерекке жүгінсек, барлық қылмыстар саны 8395-ке жетіп, он екі пайызға өссе, қоғамдық орында жасалған қылмыстар екі жарым мыңды құрап, 29 пайыздан асып кеткен. Сол қоғамдық орындарда кісі өлімі екіден төртке, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру он үштен он беске жиілесе, көшедегі қылмыстар әртүрлі қарулар қолданылып жасалған. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәлел келтірейік. Былтырғы сәуір айының 25-ші жұлдызында Набережная көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында «Сайга-41ОК» үлгісіндегі қос қару және газ-травматикалық тапаншалармен қаруланған екі топтың «жуан жұдырықтылары» түн түңілігін түріп төбелескендерімен қоймай, бір-біріне оқ жаудырған. Осы қылмысқа қатысқан «желөкпелер» арада үш ай өткенде «Жұмбақтас» кешенінің жанында тағы да қару кезенген. Қылмыстың мұндай сипат алуы алаңдатарлық жағдай.
Қоғамдық орындардағы қылмыстар негізінен бұзақылықтан туындайды десек, ол жиырма пайыздан асып, мың төрт жүзді құрайды. Бұл бұзақылықтар азаматтардың ішімдікке бой алдыруынан болған жағдайлар. Өткен жылы үш жүздей қылмыс алкогольдік еліту жағдайында жасалса, 1371 қылмыс жұмыссыздарға тиесілі көрінеді. Бұған қарап өздері жұмыссыз, әрі жағдайлары төмен отбасыларға ішімдікті тауып ішуге оңтайлы жол қарастырылған ба деп қаласың. Сол ішімдіктің кесірі аса ауыр санаттағы қылмыстардың орын алуына әкеліп соқтыруда. Оған дәлел, Тасбөгет кентінің тұрғыны Т.К. әйелін қылғындырып өлтірген.
Жасыратыны жоқ, түрлі мейрамханалар мен басқа да қоғамдық орындар, тіпті кейбір мекемелерде де қылмыстар жиі орын алып жатады. Осыған орай қалалық прокуратура кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі ғимараттарда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бейнекамералар орнату және күзетті күшейту жөнінде жазбаша түсіндірме берген болатын. Алайда, кәсіпкерлер құқық бұзушылықтың алдын алудағы іс-шараларға енжар қарауда. Сондай енжарлықтың салдарынан өткен жылы белгісіз біреулер Қаратоғай көшесіндегі «ҚазМұнайгаз» жанар-жағармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасап, кассадағы ақшаны үптеп кеткен. Бұл май құю бекетінде бейнебақылау камерасы орнатылмағандықтан орын алған қылмыс әлі күнге дейін әшкереленбеген. Дәл осындай оқиға «Ақмешіт» ықшам ауданындағы «Жалын» май құю бекетінде де орын алып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған.
2013 жылы тіркелген қылмыстардың 1634-і ұсақ құқық бұзушылыққа жатса, 4564-і ұрлық. Әсіресе, ұялы телефон мен пәтер ұрлығы басым бөлікке ие болса, қалтақағарлардың да ұпайы түгел көрінеді. Бір өкініштісі, ұрлықтың 17 пайыздан сәл астамы ғана ашылған. Сондай-ақ азаматтар пәтер жалдап, қылмыстарға бой алдыруда. Соның бірі – кәмелетке толмаған байқоңырлық Р.Н. «Шұғыла» ықшам ауданында азамат Қ.С.-ны пышақтап, аса ауыр қылмыс жасаған. Қазір ол бозөкпе қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.
Бұдан басқа жеке кәсіпкерлердің пәтерлерін жалға алушылар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыратын көрінеді. Соның дәлеліндей, қалалық прокуратура жүргізген рейд барысында құмар ойын ойнататын 22 онлайн-казино анықталған.
Өткен 12 айда кәмелетке толмағандардың қылмысы 83-ке жеткен. Осындай жасөспірімдердің Тасбөгет кентінде болған жаға жыртысында кәмелетке толмаған Д.К. оққа ұшқан.
Қазіргі қоғамымыздағы тосын құбылыстың бірі – адамдардың өз-өзіне қол салуы. Былтыр Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандардың осындай төрт дерегі тіркелсе, өзіне қол жұмсауға оқталудың 12 оқиғасы орын алған. Мұндай келеңсіздік 10-12 жастағы жасөспірімдер арасында жиі ұшырасуда.
Б.СМАЙЫЛҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз