БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

41

0

Жақында өткен облыстық мәслихаттың
сессиясында аймақ басшысы бүгінде облыстағы балық өңдеу зауыттарының жылдық
қуаттылығы 11 мың тонна болса, онда осы шикізаттың жетіспеушілігі кәсіпкерлерге
қиындық келтіріп отырғанын атап өтті. Негізі биылғы жылға бекітілген квота 6725
тонна. Осы жайларды алға тартқан аймақ басшысы облыста алғаш кезекте тауарлы
балық шаруашылығын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Негізі өткен жылдан бері облыста бес
тауарлы балық шаруашылықтары, оның екеуі Қызылорда қаласында болса, Қазалы,
Жалағаш және Шиелі аудандарында бір-біреуден жұмыс жасауда. Өз кезегінде бұл
шаруашылықтар қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізіп отыр. Демек,
бұдан шығатын қорытынды Арал өңірінің балықшылық кәсібін дамыта түсу үшін
мемлекеттік қолдау шараларын Үкіметтің әзірлеп жатқан Балық шаруашылығын
дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жобасына енгізу міндеті тұр. Жалпы
бұл істі жүзеге асыруда Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы
инспекциясына жүктелер жұмыс ауқымы зор болмақшы. Өйткені бұл инспекция екі
облыстың аумағын, атап айтқанда, Шардара су қоймасынан Аралға дейінгі
аралықтағы көлдер мен өзендер жүйесіне бақылау жүргізеді. Жалпы бұл бассейннің
су тоғандарының негізгі су көздері – Сырдария өзені. Осы аумақтағы балық
шаруашылығына маңызы бар су айдындарының жалпы көлемі 1097 мың гектарды
құрайды.

Негізі Қызылорда мен Оңтүстік
Қазақстан облыстары бойынша балық шаруашылығына жергілікті маңызы бар көлемі 45
мың гектарды құрайтын 184 су айдындары бар. Соның ішінде біздің облыста
жергілікті маңызы бар 176 су айдыны бар. Бұл айдындарының көлемі 44,6 мың
гектар. Сондай-ақ, осы екі облыс аумағында халықаралық маңызы бар 328,8 мың
гектар Шардара су қоймасы, Кіші Арал теңізі және Сырдария өзені 263 мың
гектарға орналасқан. Сонымен қатар Ұлы теңіздің солтүстік беткейінде көлемі 140
мың гектар жерде мекендейтін артемия салина жұмыртқаларын аулау үшін Тұщыбас
және Чернышов шығанақтары табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.

Бағалы байлық – балықты аулаудың өз
тәртібі де бар. Осы жайтты назарда ұстаған ҚР Үкіметі ақпан айындағы қаулысымен
биылғы жылға бассейн бойынша барлығы 9685,54 тонна балық аулау лимитін бөлді.
Сөйтіп өткен алты айда табиғат пайдаланушыларға 3202,06 тонна балық аулауға 112
рұқсат берілді. Осы балық аулауға рұқсат алғандар аталған алты айда 1901,87
тонна балық аулаған. Соның нәтижесінде балық аулау рұқсатының төлемақысынан
республикалық бюджетке 36,627 млн. теңге қаржы түсірілді.

– Жалпы бекітілген лимиттің облыстар
мен су айдындары бойынша бөлінуін нақтылап айтар болсақ, онда біздің облысқа
барлығы 6382,5 тонна лимит бөлінген, – дейді Арал-Сырдария облысаралық
бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ихтиология бөлімінің бас маманы Рысбек
Сәдуақасов. – Соның ішінде Кіші Арал теңізіне 5595 тонна, Сырдария өзеніне 178
тонна және жергілікті су айдандарына 609,5 тонна балық аулау лимиті бөлінді.
Өткен алты айда табиғат пайдаланушыларға 2165,46 тонна (игерілуі 34 пайыз)
балық аулауға 106 рұқсат берілді. Сол рұқсаттар бойынша алты айда нақты 1336,64
тонна балық ауланды. Сөйтіп, балық аулау рұқсатының төлемақысы есебінен республикалық бюджетке 23,1 млн. теңге қаржы
түсірілді.

Оңтүстік Қазақстан облысына да барлығы 3302,9 тонна лимит бөлінген.
Оның ішінде Шардара су қоймасына 2973 тонна, Сырдария өзеніне 253 тонна және
жергілікті су айдындарына 76,9 тонна балық аулау лимиті берілген. Ал, артемия
салина жұмыртқалары бойынша биылғы жылға Үлкен Арал теңізінің Тұщыбас және
Чернышов шығанақтарына бөлінген лимиттің көлемі 220,26 тонна. Айта кету керек,
биылғы жылға табиғат пайдаланушыларға бөлінген лимитке сәйкес 107,991 тонна
артемия жұмыртқаларын аулауға екі рұқсат берілсе, олар өз мүмкіндіктерінің 50
пайызын игерген. Сөйтіп, осы істің төлемақысынан республикалық бюджетке 9 млн.
теңге қаржы түсірілді.

Қорыта келе айтқанда, бүгінде бассейнде балық шаруашылығына халықаралық
маңызы бар су айдын­дарының 29 балық аулау учаскелерінің барлығы табиғат
пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал, жергілікті маңызы бар 184 су
айдындарының 18-і резервтік қорда болса, 10 су айдынының суы тартылып қалуына
байланысты балық шаруашылығы маңызын жоғалтып, облыс әкімдігі қаулысындағы
тізімнен шығару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар биылғы жылдың ақпан және мамыр айларында резервтік
қордағы жергілікті су айдындарын бекіту бойынша конкурс өткізіліп, 32
субъектіге 39 су айдыны балық шаруашылығын жүргізу үшін Қызылорда облысы
әкімдігінің қаулыларымен ұзақ мерзімге бекітіліп берілді. Енді қазір олардың
инспекциямен балық шаруашылығын жүргізу шартына отыру жұмыстары жүргізілуде.
Айналып келгенде, мұның барлығы облыста тауарлы балық шаруашылығын дамытуға
бағытталып отыр.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз