БАЛҒЫНДАРҒА БАЗАРЛЫҚ

39

0

«Бегiм ана” балабақшасында облыстық тілдерді дамыту басқармасының
мұрындық болуымен Қазақстан тілдерінің
күні мерекесіне орай «Тілді сүю – талбесіктен” атты акциясы болып өтті.

Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, және бүлдіршіндердің ана тіліне деген құрметін арттыру, тіл байлығын жетілдіре отырып, ой-өрістерін дамыту.

Жиынды облыстық тілдерді дамыту басқарма­сы­ның басшысы Ә.Жарылқағанов ашып, балабақша тәр­биеленушілері мен тәрбиешілерді, ата-аналарды жә­не шараға қатысушы қонақтарды айтулы мере­ке­­лерімен құттықтап, лебізін білдірді. Тәрбиенің бас­тауы – балабақша. Сондықтан да мектепке дейінгі ұйым­дармен жұмыс жасауды күшейтіп, олармен үнемі тығыз қарым-қатынаста болу керек дегенді алға тартты.

Одан әрі көрнекіліктермен безендірілген сахнада балғындар ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, кон­церттік бағдарламаларын бастады. Түрлі тақы­рыптағы сахналық қойылымдар қойып, батырлар биін биледі. Енді бірі ана тілі туралы өлең шумақтарын жатқа айтып, ән жырдан шашу шашты.

Сондай-ақ, акция барысында қаладағы «Алтын кілт”, «Алтын ұя”, «Қызғалдақ”, «Балапан”, «Ер Тар­ғын”, «Ер Төстік” сынды балабақша ұжымдарына об­лыстық тілдерді дамыту басқармасының атынан оқу әдістемелік кітаптар мен балалардың ой-өрісін дамытуға арналған түрлі тақырыптардағы кітаптар, балғындардың танымдық дүниесін кеңейтуге арналған электронды оқулықтар, дидактикалық құралдар, ертегі жинақтары мен балабақша әдіскерлеріне арналған аудио жинақтарын, әдістемелік құралдары табысталды.

Мұнан кейін шараға қатысушылар «Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінде” болып, игі бастама одан әрі жалғасын тапты. Онда мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен дайындық курсына баратын балаларға мектепке қажетті оқу құралдары салынған сөмкені табыстады. Балғындардың қуанышында шек болмады. Олар аға, әпкелеріне өздерінің жүрекжарды сөздерін арнап, алғыстарын жеткізді.

Шара соңында балабақша меңгерушілері айтулы мереке қарсаңында осындай ұтымды акцияны ұйымдастырған облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұжымына алғыстарын білдірді.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз