Бас жүлде – сырбойылық «Яксартта»!

1075

1

Бүгін «Ұлттық ономастика – ел айнасы» тақырыбымен республикалық онлайн конкурс өтті. Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Қуаныштысы, Қызылорда облысынан қатысқан «Яксарт» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Сүйінші жаңалықты қалың оқырманмен бөлісуге асықтық.

Жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін мамандар арасында онлайн форматта өткен конкурсқа еліміздің 10 облысынан – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының ономаст мамандарынан құралған командалар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара мақсаты – ұлттық ономастиканың рөлін арттыру, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру, сондай-ақ ономастика саласының мамандарын моральдық және материалдық тұрғыдан көтермелеу.

Біліктілер бақ сынасқан сайысқа Сыр өңірі атынан облыстық ішкі саясат басқармасы, Жалағаш, Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тіл мамандарынан құралған «Яксарт» командасы қатысып, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған өлке жұртының сенімін ақтауға тырысты.   

Конкурсқа қатысушылар «Таныстыру», «Атаулар сыр шертеді», «Жер-судың аты – тарихтың хаты» және «Ономастика» кезеңдері бойынша сынға түсті. Жергілікті жерлерде тіл саясаты саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың сайысы тартысты өтті.

Конкурс соңында жеңімпаздар мен қатысушы командалар бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Сырбойылық «Яксарт» командасы тарихи жер-су атауларының сырын терең білетіндігін дәлелдеп, еліміз бойынша үздік деп танылды. Бәйгенің бас жүлдесін иеленген жерлестеріміз қаржылай сыйлыққа ие болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<