ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА ҚҰРЫЛЫСЫ АУДАНДАРДА ДА ҚАРҚЫН АЛДЫ

77

0

Елбасы тапсырмасына орай Үкімет «Қолжетімді
тұрғын үй-2020”
бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Соңғы жылдары осы бағдарлама аясында облысымызда
кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жүздеген отбасылар жайлы
баспанамен қамтамасыз етілді. Бір биылдың өзінде осы бағдарламаны іске асыру мақсатында
7,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бөлінген бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда
1,8 млрд. теңгеге артық.

Айта кету керек, «Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы тек қалада
ғана емес, сонымен қатар облыс аудандарында да қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде
биылғы жылы Арал ауданында бағдарлама аясында жалпы көлемі 840 шаршы метрді құрайтын
12 коммуналдық меншіктегі бір пәтерлі тұрғын үй салу қолға алынды. Оған барлық қаржы
қор есебінен 84,1 млн. теңге бөлінді. Бұл құрылыстарды «Жасекенов С” және «Байғараев
К” атты жеке кәсіпкерлер жүргізіп, қазір олар тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстарын
толық аяқтады. Енді бұл үйлер жұмысшы комиссиясының қарауына ұсынылып, жақын күндері
толықтай пайдалануға берілмекші.

Қазалы ауданында да аталмыш бағдарламаны
іске асыруда толымды тірліктер бар. Атап айтқанда, бұл ауданда 12 арендалық тұрғын
үй құрылысы жүргізілуде. Осы мақсатқа барлығы 73 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылысты
жүргізуші бас мердігер «Қазалыстройсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
бүгінгі күнге 12 үйдің кірпішін қалап, 10 үйдің төбесін жапқан. Жалпы бұл жұмыстар
белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында
жоспарланған тұрғын үйлерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз
ету ісі де қатар жүргізілуде. Бұл істі қолына алған «Қазалы жолшы” ЖШС оны алдағы
жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Қармақшы ауданында да бағдарламаға
сәйкес тап осындай 12 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлердің құрылысына
73 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл құрылыстар да жақын күндері толықтай аяқталып,
пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ал, Жалағаш ауданы бойынша «Қолжетімді
тұрғын үй-2020”
бағдарламасы аясында құрылыс жүргізуге барлығы 423 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның
ішінде кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына
73 млн. теңге қаралған. Осы қаржыларды игеру арқылы жыл соңына дейін республикалық
бюджет есебінен 560 шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі 4 үй мен облыстық бюджет есебінен
280 шаршы метр болатын екі пәтерлі 2 үйді пайдалануға беру жос­парланып отыр. Дегенмен
де, осы бағдарлама аясында Сырдария ауданында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан
жоқ. Әзірге бұл ауданның ұсыныстары республикалық бюджет комиссиясына ұсынылып,
қазіргі күні ол сарапқа салынуда.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы шеңберінде
Шиелі мен Жаңақорған аудандарында да жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Атап айтқанда,
бүгінгі таңда Шиелі ауданындағы «Шұғыла” шағын ауданынан жалпы алаңы 864 шаршы метрді
құрайтын бір пәтерлі 12 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ал, Жаңақорған ауданының
орталығы «Май бекеті” аумағынан бір қабатты 2 бөлмелі 8 арендалық тұрғын үй құрылысы
салынуда. Іргетасы құйылып, кірпіші қаланған бұл үйлерді салушы мердігер «Аль-Декей”
ЖШС алдағы қараша айында пайдалануға бермекші.

Сонымен, «Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасын іске асыру
бағытында облыста кең ауқымдағы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде бағдарлама аясында
кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысы мен жас отбасыларына
арналған арендалық тұрғын үй құрылыстарына басымдық берілуде. Сонымен қатар бұл
істе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды салуға да ерекше көңіл бөлінуде.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз