БАСШЫЛАР ҚАРЖЫ ТАРТУ МҮМКІНДІГІМЕН БАҒАЛАНАДЫ

105

0

Кеше облыс
әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың 33 сессиясы болып
өтті.

Сессия төрағасы Қылышбек Бисенов күн
тәртібін жарияламастан бұрын 2014 жылғы 7 желтоқсандағы облыстық мәслихаттың №8
«Төретам» сайлау округі бойынша шығып қалған депутатының орнына өткізілген
сайлау нәтижесін хабарлауға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қорғанбек
Қайруллаевқа сөз берді. Ол сайлаушылар тізіміне енгізілген 16550 сайлаушының
12683-і, яғни 76,6 пайызы дауыс беруге қатысқанын жеткізді. Дауысқа түскен
депутаттыққа кандидаттарды жақтап берілген дауыстар төмендегідей: Ақжігітов
Ғалымжан Амангелдіұлына – 1147, Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызына – 10027,
Наурызбаева Нұршат Бегежанқызына 932
сайлаушы дауыс берген. Нәтижесінде көпшілік дауысқа ие болған А.Әлназарова
депутат болып тіркелді.

Осыдан кейін сессияның күн тәртібіндегі
алғашқы мәселе «2011-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму
бағдарламасын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2011 жылғы 9
ақпандағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарланды. Оны депутаттар
талқылардың алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев депутаттар алдында сөз
сөйледі.

– 2014 жыл аяқталып келеді. Биылғы жылы
қиындықтар аз болған жоқ, бірақ жетістіктер де жеткілікті. Облыс бюджетін 26 млрд.
теңгеге арттыра алдық, – деген облыс басшысы әлемдегі болып жатқан күрделі
жағдайлардың біздің экономикамызға теріс әсерлерін тигізбей қалмайтынын
жеткізді. Ресейге салынып отырған санкциялар салдарынан біздің экспортымыз
төмендеп кіріс көлемі азаюы әбден мүмкін. Басты байлығымыз – мұнайға сене
бермей, экономиканы әртараптандыру, бәсекеге қабілетті тауарлар өндіру, шағын
және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, индустрияландыру
саясатын алға бастыру секілді бағыттан ауытқымауға тиіспіз.

Аймақ басшысы әлеуметтік даму мәселесі
алғашқы кезекте тұратынын келтірді. Өңірде 6 мыңнан аса адамды жұмыспен
қамтыған «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізі, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры
секілді ірі жобалар аяқталған есебі. Енді еңбек нарығында 9 мыңдай адамды
жұмыспен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл жерде бизнестің әлеуметтік
жауапкершілігін күшейту, жастар тәжірибесін жалғастыру, мүмкіндігі шектеулі
азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстар жалғасын таба беретін болады.
Қырымбек Елеуұлы құрылысы басталған әлеуметтік нысандарды уақытында аяқтауға
күш салынатынын айтты. Денсаулық саласында жетістіктер мен қатар кемшіліктер де
бар деген облыс әкімі осы салада кәсіби менеджерлер дайындауға баса мән
берілетінін атап өтті. Келер жылы мектепке дейінгі мекемелермен жүз пайыз қамту
міндеті қойылып отыр. Осы мақсатта бюджет қаржысымен бес балабақша салынатын
болады. Сол секілді, 15 мектептің құрылысы жүріп, апатты мектептердің орнында
он екі жаңа мектеп бой көтереді. Жеті ауылдық клуб жаңартылады. Бұқаралық және
кәсіби спортты дамыту жалғаса бермек. Келесі жылы Қазақ хандығының 550
жылдығы, Халықтар Ассамблеясының 20
жылдығы аталып өтіледі. Облыс әкімі аймаққа инвестиция тарту мақсатында кезекті
«Байқоңыр» инвестициялық форумы өткізілетінін мәлімдеді өз сөзінде. Сонымен
бірге, «Ақбұлақ» бағдарламасы, энергетика саласын реформалау бойынша қолға
алынған жұмыстар жүргізіле бермек. Келесі жылы Арал, Байқоңыр қалаларын,
Жаңақорған, Шиелі, Әйтеке би кенттерін газдандыру аяқталады.

Аймақ басшысы келер жылдың бюджеті 98,1
млрд. теңге болып қабылданатынын жеткізді. Сонымен бірге Елбасының «Нұрлы жол
–болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауға Ұлттық
қордан бөлінетін мол қаржыдан үлесімізді алуға тиіспіз. Бұл бағытта сала
басшыларының жауапкершілігі мол болмақ. Қырымбек Елеуұлы басшылар жобалар
бойынша қаржы тарта білу мүмкіндігімен бағаланатынын атап өтті. Облыс басшысы
қоғамдық тұрақтылықты сақтай отырып, жұмысқа жұмыла кіріссек, алынбайтын асу
жоқ деген сөзбен түйіндеді.

Мұнан кейін депутаттар күн тәртібінде
белгіленген мәселелерді кезегімен талқылап, тиісті шешімдер шығаруға дауыс
берді. Солардың қатарында 2015-2017 жылдарға арналған бюджетті де бекітті.
Келер жылдың бюджеті 92,1 млрд. теңге болып бекітілді.

Сессияда облыс әкімінің ұсынысына сай
облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбегі сіңген Еңбек Ері Абзал
Ералиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық Ғылым академиясының
академигі, техника ғылымдарының докторы Уәлихан Бишімбаевқа «Қызылорда
облысының Құрметті азаматы» атағын беру дауысқа салынды. Аталған тұлғалардың
атқарған жұмыстары туралы кеңінен мәлімет берілді. Депутаттар барлығы да
олардың бұл атаққа сай екенін қолдап, бір кісідей дауыс берді.

Сессияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысын сайлау болды. Облыс басшысы бұл
лауазымға бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, жетінші
желтоқсанда өткен сайлау нәтижесімен депутат болып сайланған Ақмарал
Шәріпбайқызы Әлназарованы ұсынатынын хабарлады. Ол Ақмарал Шәріпбайқызының өмір
жолын баяндап шығып, қай қызметті атқармасын білікті және білімді тұлға екенін
дәлелдей білгенін жеткізді. Соңғы қызметінде әлеуметтік сала жұмысын
үйлестіруде жақсы қырымен көзге түсті. Қырымбек Елеуұлы заңға сәйкес ұсыныс
жасау үшін Мемлекет басшысы мен Президент аппараты жетекшісінің келісімін
алғанын айтты. Бұдан кейін А.Әлназарованың
облыстық мәслихаттың хатшысы қызметіне лайық екенін бірқатар депутаттар
өз сөздерінде атап өтті. Осыдан кейін дауыс беру рәсімі өтіп, депутаттардың
барлығы да Ақмарал Шәріпбайқызының кандидатурасын қолдап дауыс берді.

Ы.Тұрлығұлов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз