БАСТЫ ТАЛАП – МЕРЗІМ МЕН САПА

48

0

Облыс әкімінің орынбасары
Нұржан Әлібаевтың қатысуымен облыстық құрылыс басқармасының 2014 жылы атқарған жұмыстарының
қорытындысы және алда тұрған міндеттерді таныстыруға арналған алқа мәжілісі
өтті.

Басқарма басшысы Мұрат
Тілеуімбетовтің мәлімдеуінше, өткен жылы басқармаға республикалық және облыстық
бюджеттерден барлығы 27,24 млрд. теңге қаралып, оның 27,22 млрд. теңгесі
игерілген, бұл 99,9 пайызды құрайды. 2013 жылы басқарма арқылы 99 нысанның
құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 61-і пайдалануға берілсе, 2014 жылы бұл
көрсеткіш 93-ті құрап, оның 52-сі ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ, есепті
мерзімде мемлекет қаражаты есебінен 37 545,33 шаршы метрді құрайтын 435 пәтерлі
89 тұрғын үй мен ұзындығы 133,9 шақырым тұрғын үйлердің инфрақұрылым желісі
пайдалануға берілген. Былтыр сонымен бірге, барлығы 74 жобалық-сметалық
құжаттамалардың 39-на мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Атап
айтқанда, білім саласы бойынша –16, денсаулық сақтау саласында – 2, мәдениеттен
– 4, спорт саласынан –13, қоғамдық тәртіпті сақтау саласы бойынша – 3,
мемлекеттік органдар нысанын дамыту саласы бойынша 1 нысанның жобалық-сметалық
құжаттамалары жасалған.

Осы орайда басқарма басшысы
үстіміздегі жылы облыс бойынша құрылысы жүргізілетін нысандарға барлығы 19,7
млрд. теңге қарастырылып, оның ішінде басқарманың өзіне 13,1 млрд. теңге
көлемінде қаржы бекітілгенін айтты.

Мәжілісте облыс әкімінің
орынбасары Нұржан Әлібаев республикадан келген қаржыны уақытылы әрі өз
мақсатына жұмсауды қатаң тапсырды.

– Құрылысшыларға қойылатын талап біреу. Ол – уақытылы әрі сапалы
жұмыс жасау,– дей келе, мердігерлердің мойындарына алған жұмыстарына салғырт
қарайтындарын, соның салдарынан құрылыс жұмыстары уақытылы бітпей, «сақалды»
құрылысқа айналып кететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бір құрылысты аяқтамай,
жарты жолдан тас­тап кеткен құрылыс компанияларына екінші рет жұмыс тапсыруды
тоқтату керектігін баса айтты.

Оған қоса, басқосуда аудан
әкімдерінің атына да сын айтылды. Әкімдердің құрылыс салатын жер телімін
уақытылы шешпей, шешкен күннің өзінде кез келген жерден бере салатыны, соның
нәтижесінде белгіленген аумақ сай келмей, екінші бір жерге ауыстырылатын
жағдайлар жиі кездеседі.

Мәжілісте сонымен бірге
бірнеше құрылыс компаниясы басшылары облыстық құрылысшылар кәсіподақ
комитетінің жетекшісі сөз алып, әріптестерін жауапкершілікпен жұмыс істеуге
шақырды.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз