БАТЫР ТОЙЫ БАРШАНЫҢ БАСЫН ҚОСАДЫ

62

0

Облыстық коммуникациялар орта­лы­ғында Жанқожа Нұрмұхамедұлы­ның 240
жылдығын атап өту жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы төрағасының орынбасары
Т.Бөріқұлақов БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, алдағы той бағдарламасы
туралы айтты.

Баба мерейтойына орай тірек ауылдары қатарындағы Жанқожа батыр ауылына облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 700 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Қаржы мерзімінде игерілді. Ауылдағы кіреберісте 3,5 шақырым жол, 10 шақырым көше асфальтталып, түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Мектеп, ауыл әкімдігі кеңсесі күрделі жөндеуден өтті, 90 орындық балабақша келесі жылы пайдалануға беріледі.

Ауыл орталығында Тағзым алаңы, «Жанқожа батыр” саябағы құрылысы сапалы салынып бітті.

Іс-шара 14 қазан күні Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада батыр баба туралы жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімімен басталады. Ертеңіне Қызылорда қаласында вокзал алаңында батырға орнатылған ескерткіш ашылады. Студенттер сарайында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.

Баба мерейтойына Астана, Алматы қалаларынан, Жамбыл, Шымкент, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Қарақалпақстан, Мәскеу, Омбы қалаларынан, облыстың барлық ауданы мен Қызылорда қаласынан қонақтар шақырылды. Алғашқы күні шақырылған қонақтар және аудан халқы үшін Оқушылар үйінде Рүстем Жанайдың «Жанқожа батыр” спектаклі көрсетіледі. Мәдениет орталығында «Ел қорғаны, Ер Жәкем” атты ақындар мүшәйрасы өтеді. Екінші күн қонақтардың Әйтеке би кентіндегі баба кесенесінде болып рухына тағзым етуімен басталады. Қонақтар Жанқожа баба ауылына сапар шегеді.

16 қазан күні №249 мектепте «Халқына қорған болған батыр баба” атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Айтысқа республикаға танымал ақындар қатысады. Бас жүлде Жанқожа батыр атындағы 2 млн. теңге. Ат бәйгесінің 5 түрі бойынша жарыс өткізіледі. Аламан бәйгенің бас бәйгесі джип автокөлігі Жанқожа батыр атымен аталады. Кейінгі орындарға Ақтан батыр, Т.Көмекбаев, Өте ата атындағы жүлделер – шетел автокөліктері беріледі.

Мерейтой аясында қамқорлықты қажет ететін отбасыларға көмек қолын созатын «Мектепке жол”, «Садақадан сыбаға” акциялары өткізілуде және жалғасын табатын болады. Бірінші қыркүйекке дейін 250 балаға әрқайсысы 20 мың теңгеден 5 млн. теңге қаржы берілді.

Мерейтойдың екінші күні орталық алаңда үш жүздің пірі Мүсірәлі әулиенің ұрпақтары 100 балаға 20 мың теңгеден «Мүсірәлі әулие” атындағы арнайы ақшалай сыйлықтар таратады.

Батырдың 240 жылдық мерейтойын атап өту арқылы алты Алаштың рухын көтеріп, ел қорғаған бабаға тағзым ету, ерлігін бүгінгі ұрпаққа паш етіп, тарихты ұлықтау болмақ.

М.МЕРЕЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз