ӘБДІМӘЛІКТІҢ ӘЛЕМДІК ЖАҢАЛЫҒЫ

59

0

Қазақстандық
ғалым Әбдімәлік Әшіров ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының өнімділігін 25-50
пайызға дейін арттыру әдісін ойлап тапты. Әлемді таңқалдырған оның жаңалығы Сыр
елінің диқандары үшін де маңызды болмақ. Себебі, аталған жобаны Қызылорда
аймағы бойынша үйлестіруші Сұлтан Әшімов күріш өсіретін шаруашылықтарда 2000
жылдан бері өздері ұйымдастырған қаржылармен тәжірибе жүргізіп, жақсы
көрсеткіштерге ие болғанын айтып отыр.

Ал ғалымның айтуынша, озық технология бойынша егіл­ген тұқымнан тәжірибе
жүр­гізу барысында 84 пайызға дейін өнім алынған. Бұл жерде дән қоймаларда
биорезонансты жол­мен активтендіріледі. Одан кейін кем дегенде10-15 күннің
ішінде егілуі тиіс екен. Техника ғылымдарының докторы, про­фес­­сор, Оңтүстік
Қазақстан мем­лекеттік педагогикалық инс­титуты Ғылыми-зерттеу зерт­ха­насының
меңгерушісі, №272-ші ғылыми жаңалықтың авторы Әбдімәлік Әшіровтің ай­туынша,
Қазақстанда ғылыми жаңалықтар өте сирек құбылыс.

– Бұл – ауылшаруашылық дақылдарының ұрығы мен түйнектерін егу алдындағы
өңдеу тәсілі. Мұнда осыған дейін ауыл шаруашылығында пайдаланылмаған космогео­фи­зика­лық
параметрлер қолда­нылады. Ұсынылып отырған өңдеу технологиясы өте қарапайым. Ол
қол еңбегі мен қуат шығынын қажет етпейді. Биорезонанс беретін Модуляторға ток
көзі ретінде 12 вольт автомобиль аккумуляторын пайдалануға болады. Егілетін дән
кез келген мөлшерде, түрлі ыдыста бола алады. Өңдеу уақыты – 11 минут. Бас-аяғы
11 минут белсендірілгеннің әсерінен 30-50 пайызға дейін өнімді артық ала
аламыз. Және қосымша тыңайтқыш қажет емес, – дейді Ә.Әшіров.

Ғалымның пікірінше, бұрында ауыл шаруашылығы саласында дақылдардың
өнімділігін арт­тыру үшін көптеген тәсіл болған. Алайда оның әдісінің басты
ерекшелігі экологияға зиян келмейді, өнім мутациялық өзгерістерге ұшырамайды.

– Біз ұсынып отырған әдіс бойынша бидай, арпа, күріш, жүгері, картоп,
қияр сынды дәнді дақылға жүргізілген
тәжірибе жұмыстары бұл технологияның әмбебаптығын, кез келген климатқа
бейімділігін және, ең бастысы, экологиялық қауіпсіздігін көрсетті. Оның адам
денсаулығына ешқандай зияны жоқ.

Бүгінде Әбдімәлік Әшіровтің ашқан заңдылығы әлемнің сегіз елінде
сынақтан өтіп үлгерді. Ғылыми жаңалық Қазақстанның бірқатар аймақтарында тәжіри­беден
өтіп жатыр. 1991 жылдан бері күн нұрының құбылыстарына іргелі зерттеулер
жүргізіп, ғалым 2004 жылы ҚР Әділет министрлігінен патент алған, 2005 жылы
Ганновер қаласында қорғап №272 диплом беріліп бүкіл әлемдік жаңалық ашты.
Бірнеше авторлық куәліктері де, арнайы дипломдары да бар. Енді ол «Нобель»
сыйлығынан үміт етіп отыр. Атақты ғалым Сыр еліне осы жаңалығын ендіруді мұрат
етуде.

 

Дәурен ОМАРОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз