БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БИІГІН БАҒЫНДЫРҒАН

44

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-при додасының күміс жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің 3 дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева және оның әкесі Байтақ Тұрсынбаевты қабылдады.
Журналистермен жүздесу барысында алдағы жоспарларымен бөліскен Э.Тұрсынбаева өзіне спорттың бұл түрі ерекше ұнайтынын жасырған жоқ. Мұз үстінде әуен ырғағымен мың құбыла билейтін жас өрен қазірдің өзінде қаншама табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Оның әкесі Байтақ Сыр өңірінің тумасы болғанмен, өзі 2000 жылдың 14 ақпанында Ресей астанасы – Мәскеу қаласында дүниеге келген. Осыдан 7-8 жылдай бұрын сол шаһардағы «Москвич» эксприменттік жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алды. Сондай-ақ, Элизабет Алматы қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен Мәскеудегі орталық әскери-спорттық клубында жаттыққан. Өткен жылы аталмыш қаладағы №37 балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер мектебінде шеберлігін жетілдірді. Оның спорттағы жетістіктері толағай. Қазіргі таңда ол мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберлігіне үміткер болып отыр. Соңғы 3 жылдан бері Қазақстан чемпионатының алтынын ешкімге ұстатпай келеді. 2011 жылы Германияның Дортмунд қаласында өткізілген халықаралық турнирде қола медальға қол жеткізген. Одан басқа Қазақстан мен Ресей жарыстарында бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Элизабет 2014 жылғы Сочи Олимпиадасына қатыса алмағанымен, ашылу салтанатында өнер көрсетеді. Дегенмен, 2018 жылы аталмыш дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орынның бірінен көрінсем деп алдына мақсат қойып отыр. 
Спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызының бүгінгі күні әлемге белгілі канадалық бапкер Брайан Орсерден тәлім алып жүргенін жеткізді. Элизабет келешегінен үлкен үміт күттіреді. Сондықтан ол білікті маманнан шеберлігін арттыруға талпыныс жасап отыр. Осы орайда әкесі Байтақтың кіндік қаны тамған Сыр өңірі ерекше қолдау білдіріп келеді. Элизабеттің өз деңгейінде дайындық жасап, дүбірлі додаларда жақсы ойын көрсетуіне қамқорлық жасалуда. Облыс басшысымен жүздесу барысында жас спортшыға қолдау көрсету жайы жан-жақты талқыланды. 
Э.Тұрсынбаева содан бір күн бұрын Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде өнер көрсетіп, қызылордалық жасөспірімдерге  өзінің  шеберлігін паш етті. Ол осылайша Сыр өңірі жастарымен алғашқы мәрте кездесті. Оның өнеріне тамсанған көпшілік әрбір әдіс-тәсіліне қошеметпен қол соғып, оған ерекше қолдау білдірді. 
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз