БЕЛГІЛІ ДӘРІГЕРГЕ КӨШЕ БЕРІЛДІ

80

0

Өткен сенбіде Қызылорда қаласындағы орталық көшенің біріне Қазақстан Рес­публикасына
еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Шәдібай Нұрғазыұлы
Абдоллаевтың есімін беруге арналған салтанатты жиын өтті.

Көшеге есімін беру және ескерткіш тақтаның ашылуына арналған салтанатты
жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, Қызылорда қаласы
әкімдігінің басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен денсаулық сақтау саласының
қызметкерлері және туған-туыстары қатысты.

Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова Шәдібай
Абдоллаевтың қайраткерлік тұлғасына тоқталып, игі іске құтты болсын айтты.

– Құрметті зиялы қауым. Бүгін Қызылорда облысы үшін айтулы күндердің
бірі деп айтуға болады. Осы орталық көшенің дәрігердің атымен аталуының
өзі медицина саласында атқарылып жатқан
жұмыстарға беріліп отырған баға деп айта аламыз. Ардагерлер кеңесінің атынан,
зиялы қауымның атынан былтыр ономастикалық комиссияға ұсыныс түскен болатын, ол
бірауыздан қолдау тауып, республикалық ономастикалық комиссияға жіберілген
болатын. Ол жақтан да қолдау тауып, бүгін міне, осындай игі іске куә болып
отырмыз. Шәдібай Нұрғазұлы – бүкіл өмірін медицина саласының өркен жаюына,
облыс халқының денсаулығын қорғауға арнаған тұлға. Ол кісінің артынан ерген
балалары да денсаулық сақтау саласының майталмандары. Асыл ағамыздың
рухы риза болсын! Ағамыздың бет-бейнесі, ол кісінің есімі біздің әркез
жүрегімізде, – деп Ақмарал Әлназарова жылы лебізін арнады.

Сондай-ақ, шарада соғыс
ардагері Ыдырыс Қалиев, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов
және Сақтаған Жұбатқанұлы Шәдібай Нұрғазыұлы туралы естеліктер айтып, ыстық
ықыласын жеткізсе, ағайындарының атынан сөз алған Сәмит Далдабаев пен Шәдібай
Нұрғазыұлының ұлы Марат Абдоллаев көшеге есімін беру туралы ұсынысты қолдаған
жергілікті әкімдікке, барша ағайын-туыс, зиялы қауымға алғысын айтты.

Шәдібай Абдоллаев еңбек жолын
1956 жылы облыстық ауруханада дәрігер-хирург болып бастайды. 1957 жылы бас
дәрігердің уақытша міндетін атқарып, 1958 жылдан 1976 жыл аралығында сол
аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. Сол жылдары оның табандылығы мен
ұйымдастырушылық қабіле­тінің арқасында жаңа типтегі облыстық аурухана ғимараты
бой көтерді. Ізденімпаздығының, еңбексүйгіштігінің нәтижесінде ғылыми атақтарға
ие болды. Шәдібай Нұрғазұлы Абдоллаев Қазақстан денсаулық сақтау саласының
майталманы, аса білікті маман, іскер басшы, қабілетті ұйымдастырушы, білімді
ұстаз ретінде танылып, есте қалды.

Салтанатты жиын онан әрі ас
беру рәсіміне ұласты.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз