Бизнестің жол картасы – береке бастауы

45

0

Астана күні қарсаңында ақпарат құралдарының өкілдері қаламыздағы жаңадан ашылған шағын және орта бизнес нысандарының жұмысымен танысты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысуға ұйытқы болған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы.
Жергілікті БАҚ өкілдерін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов алдымен Марал ишан көшесі бойындағы (бұрынғы ЦКЗ аумағы) «ЭКО-Н» ЖШС базасына бас¬тап барды. Аталған серіктестіктің директоры Қайрат Нұрекешов «Құрамында сынабы бар улы энергия үнемдеуші шамдарды жинау және заласыздандыру» жобасын осыдан біршама уақыт бұрын қолға алғанын жеткізді. Оның айтуынша, күнделікті тұрмыста жиі қолданатын электр үнемдеуші шамдарды өңір тұрғындары пайдалану мерзімі өткен соң қоқысқа лақтырып тастай салады. Алайда, құрамында сынабы бар мұндай шамдарды жерге көмуге немесе қоқысқа тастауға болмайды. Дамыған елдерде оны арнайы орындарда залалсыздандырады. 
Жоба жетекшісі мемлекеттен қайтарымсыз негізде 6 млн. теңге алып, оған арнайы құрал-жабдықтар сатып алыпты. Осылайша, ол облысымызда  алғашқы болып қуат үнемдеуші шамдарды жою ісін ұйымдастырып отыр. Бүгінде жоба аясында 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жұмысшылары журналистерге әртүрлі формадағы шамдарды қалай залалсыздандыруға болатынын көрсетті. Серіктестік басшысы қаламыздың шағын аудандарына кәдеге аспай қалған жарамсыз шамдарды қабылдайтын арнайы контейнер қоюды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Осы орайда  басқарма басшысы Т.Сүлейменов аталған өндіріс түрі ел Үкіметінің қаулысына сәйкес «Құрамында сынабы бар улы энергия үнемдеуші шамдарды жинау және залалсыздандыру» жөніндегі кешенді іс-шарасы шеңберінде аймағымызда тұңғыш рет қолға алынып отырғанын атап өтті.  
Бағдарлама аясындағы келесі бір грантты жеке кәсіпкер Қуандық Байекенов иеленіпті. Ол «Қызылорда қаласында алғашқы лазер нақыштама ұйымдастыру орталығы» жобасын жасап,   оны жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына өтінім білдірген. Нәтижесінде қайтарымсыз негізде 2 млн. теңге грант қаражатын алған. Грант қаржысын ол лазерлік станок, өзге де  құрал- жабдықтар алуға жұмсаған. Жеке кәсіпкер жоба аясында 3 адамға жұмыс тауып берді.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы гранттық бағыт инновациялық жобасы бар, кәсібін енді ашқан жандарға үлкен көмек. Мұндай қолдаулар әдетте өңірде бұрын болмаған жобаларды жүзеге асыру үшін беріледі. Біз бүгінгі таңда осындай 17 жобаға қолдау білдірдік. Былтыр бұл мақсатқа 50 млн., ал биыл 120 млн. теңге қаражат қаралып отыр, – дейді басқарма басшысы. 
Көл жағалауынан мәдени-демалыс орнын ашқан жеке кәсіпкер Светлана Когай өз жобасының қолдау тапқанына қуанышты екендігін жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын аталған бағдарламаның «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша ол мемлекет тарапынан қолдау көргенін айтты. Иіркөл көлі жағалауынан  демалыс аймағын ашуды қолға алған кәсіп иесіне 2 шақырым электр желісін тартып, 250 кВт трансформатор қондыру үшін 6,6 млн. теңге қаражат берілген. Сонымен қатар, ол кәсібін дамыту үшін несие алған. Оның 7 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Бұл жобаны аясында 4 адам жұмысқа орналасыпты. Қазір мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арнап тынығу орны қызмет көрсетуде. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз