БҮЛДІРШІНДЕР ҚУАНЫШҚА КЕНЕЛДІ

42

0

Білім басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында республикалық «Мектепке жол” акциясының аясында биыл мектепке баратын мүмкіндігі шектеулі 25 баланы құттықтау рәсімі болып өтті. Шараның бас­ты мақсаты – аз қамтамасыз етілген әрі көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, түрлі әлеу­­меттік себептер бойынша балалардың мектепке бара алмай қалуын болдырмау және табысы жеткіліксіз ата-аналардың өздерінің сүйеушісі бар екендігіне сенімін арттыру болып отыр. Шарада сөз алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев балаларға мектеп формасының сертификаттары мен қажетті оқу құралдарын табыстай отырып, оларды құт­тықтады.

«Бүгінде Елбасы балалардың болашағына ерекше мән беруде. Соның бірден-бір айғағы – өңірімізде биыл 25 жаңа мектеп салынса, 49 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аталмыш акция аясында тамыз айының бірінші онкүндігінде екі мыңнан астам балаға 12 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, тиісті көмек көрсетілді. Еліміздің болашағы болып саналатын сіздер секілді балғындарға қол ұшын созу біздің басты міндетіміз. Сондықтан да баршаңызға жаңа оқу жылында тек сәттілік тілеймін”, – деді Н.Әлібаев.

Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған ел ағаларының бұл тілектестігіне өз кезегінде ата-аналар да ризашылығын білдірді.

«Балаларға қолдау көрсетіп, шаттық сыйлаған, акцияға атсалысқан барлық қатысушыларға осындағы ата-аналардың атынан алғысымды білдіремін”, – деді ата-ана Мейрамкүл Жаппарова.

Айта кету керек, биыл акция «Балаға мейірім сыйла” атты ұранмен өтуде. Осыған орай, әр апта сайын аймақтың барлық өңірінде мектеп формасы мен құрал-жабдықтардың жәрмеңкелері ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, бұл бастамаға мемлекеттік мекемелер, бизнес құрылымдары, үкіметтік емес ұйымдар да өз үлестерін қосып келеді.

Жұмакүл
ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз