БІЛІМ БЕРУДІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАҒЫТЫНДА

48

0

БІЛІМ БЕРУДІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАҒЫТЫНДАСейсенбі күні
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында білім беру
қызметкерлерінің облыстық педагогикалық
тамыз кеңесі болып өтті. Дәстүрлі жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы
Нұржан Әлібаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының
орынбасары Амандық Төлешов қатысты.

«Білім берудің инновациялық стратегиясы
– мемлекеттің, қоғам­ның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы” тақырыбындағы
кеңес арнайы дайындалған көрме жұмысымен танысудан басталды. Онан соң пленарлық
мәжіліске кезек берілді. Онда облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай
Байқадамовтың баяндамасы тыңдалды. Облыстың бас ұстазы өз баяндамасында өткен
оқу жылының есебі, жаңа оқу жылында алға қойылған мақсаттар, білім беру жүйесін
дамытудың міндеттеріне тоқталды.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде
облыста 291 мектеп, 309 балабақша, 246 шағын орталық, 34 колледж, (оның 16-сы
мемлекеттік, 18-і жекеменшік оқу орны) 8 мектеп-интернат, 11
психолого-педагогикалық, медициналық және түзету кабинеттері жұмыс істейді.
Аймақта білім жүйесін дамыту мақсатында облыс әкімінің бас­тамасымен 2014-2015
жылдарға арналған білім саласын дамытудың жол картасы жасалып, бекітілген.
Білім саласына бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2013
жылы бөлінген қаржы 51,3 млрд. теңгені құраса, жыл қорытындысы бойынша 54,5
млрд. теңгеге жетті. 2014 жылы қаралған қаржы көлемі 59,7 млрд.-ны құраған.

2014-2015 оқу жылында 1-11 сыныпқа
барлығы 126000 бала барады деп күтілсе, шамамен 15450 бала бірінші сыныптың
табалдырығын аттайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 575 балаға
көбейгендігін көрсетеді. Өңірімізде «Балапан» бағдарламасы аясында ауқымды
жұмыстар атқарылып, соның негізінде
мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беруде айтарлықтай жетістіктерге қол
жеткізілген.


Бүгінде облыста барлығы 555 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Оның 309-ы
балабақша. Оның 52,7 пайызын жекеменшік балабақшалар құрайды. 2013-2014 оқу
жылында 40 балабақша ашылды. 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға
қамтылуы 2013 жылы 80,9 пайыз болса, қазіргі таңда ол 87 пайызды көрсетіп
отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті
95 пайызға жеткізу бағытында жұмыстар жасалуда деп атап өтті Наурызбай
Байқадамов.

Ал, орта білім беруге байланысты, об­лыстағы
жүргізілген құрылыстар есебінен 2013-2014 оқу жылында үш ауысымда оқи­тын
мектептердің жой­ылғандығын жеткізді. Басқарма басшысының мәлім­деу­інше,
облыста­ғы 25 апаттық мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен шешімін
табуда. Атап айтқанда, оның 11-і биыл, қалған 14-нің құрылысы 2015 жылы
аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, биылғы жылы аймағымызда ал­ғаш рет бір
мезетте 58 білім беру ны­санына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі ретінде
басқарма басшысы жалпы білім беретін мектептердің жа­ңа оқу стандартына сәйкес
2-сы­ныпта ағылшын тілін, 6-сыныпта ин­форматика пәнін оқыту іске асы­рылатынын
атап айтты. – Осыған бай­ланысты білім ұйымдарына қажет­ті мамандар мен оқулық
және әдіс­темелік кешендермен толық қамту жөнінде сараптама жүргізіліп,
есептері алынды, мамандар мен оқулықтардың жеткілікті екендігі белгілі болды, –
деді бас ұстаз өз баяндамасында.

Ал, оқушылардың оқулықпен қам­ты­луы 98 пайызды құрап
отыр. Жалпы, 1-2 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында
облыстық бюджеттен 605 млн. теңге қарастырылған. Осының негізінде 263 мектепте
оқушыларға ыстық тамақ беру ұйымдастырылады.

Жаңақорған ауданында орналасқан «Облыстық олимпиадалар
және қосымша білім беру» орталығы жыл бойы жұмыс режиміне көшіп, жалпы қосымша
біліммен 64 мыңнан астам бала қамтылған, ол 50,8 пайызды құ­рауда. Осы орайда
басқарма бас­шысы қазіргі уақытта қала сыртын­дағы лагерь­лерді жыл бойы жұмыс
режиміне көшіру бағытында жұмыстар жасалып жатқанын айтып өтті. Мұ­ға­лімдердің
біліктілігін арт­тыру бағы­тында да біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда,
2014 жылдың бес айында жалпы білім беретін ұйымдарындағы педагог қызметкерлерді
«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-ның дең­гейлік оқу бағдарламасы бойынша
558 мұғалім біліктілігін арттырған. Жалпы, ағымдағы жылы облыс бой­ынша 2035
мұғалім біліктілігін кө­терген.

Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында 2014 жылы 23
мектепте стоматологиялық кабинеттер ашуға облыстық бюджеттен 50830 мың теңге
қаржы қаралған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы мемлекеттік мекеме болып та­былатын
колледждер коммуналды мем­лекеттік қазыналық кәсіпорын бо­лып қайта рәсімделді.
2014 жылы жа­ңадан ашылатын 10 мамандыққа об­лыстық бюд­жеттен 106 млн. теңге
бөлінген.

Баяндамасын қорытындылаған бас­­­қар­ма басшысы жаңа
оқу жылын­да балалардың қалыпты оқуына то­лық­қанды жағдай жасалып отырғанын
айта келіп, ұстаздарды жаңа оқу жы­лының басталуымен құттықтап, жұмыстарына
табыс тіледі.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ғылым ко­ми­теті төрағасының орынбасары Аман­дық Төлешов білім беру жүйесін же­тілдіру
мақсатында атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталды. Бұл бағытта білім беру жүйесінің
алғаш­қы деңгейі – мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымдарының жұмысын үйлестіру
мәселесі екені белгілі. Осы орайда Амандық Қуатұлы «Балапан» бағдарламасының
елімізде жүзеге асырылу бағытына сипаттама берді.

– Аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай
балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көзделуде. Бүгінгі
таңда респуб­лика бойынша 8143 мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымы бар. Оның
3340-ы балабақша, 4803-і шағын орталық. Оларда 680 мыңнан астам бала бар.
Қызылорда облысында 36553 бала баратын 555 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасауда.
Оларда 1-6 жастағы бала 45,4 пайыз болса, 3-6 жастағы бала 87 пайызды
қамтиды. 2013 жылы балалардың мектепке
дейінгі ұйыммен қамтылуы 54 пайыз болған екен. 2015 жылға қарай 1-6 жастағы
балаларды 6 пайызға, 3-6 жастағыларды 100 пайыз­ға қамту жоспарланған. Осы
орайда же­ке­меншік балабақшалар санын кө­бейту де қарастырылған. Мәселен, 2013
жылы республикада олардың жал­пы саны 898-ді құрап, 26,8 пайызға өскені
байқалады. Кейбір облыстар бойынша салыстырсақ, Қызылордада 62 бірлікке, Астана
мен Алматыда 25 бірлікке өскені анықталды. Яғни, Сыр өңірінде әлдеқайда жоғары
екені байқалады,– деп атап айтты Амандық Қуандықұлы. Сонымен қатар, ҰБТ қо­рытындысы
бойынша облыстардың көр­сеткішін саралаған ол ҰБТ қоры­тындысы бойынша
Қызылорда қала­сындағы «Мұрагер” мектебінің ең үз­дік 100 мектеп қатарына
кіргенін, ал Шиелі ауданына қарасты №158 орта мектептің ең төмен балл жинаған
100 мектеп қатарында қалғанын атап өтті.

Алқалы жиында сондай-ақ, Қызыл­орда облысының Білім
саласындағы ба­қылау департаментінің директоры Мей­рамбек Шермағанбет, облыстық
кә­сіпкерлер палатасының директоры Дін­мұхамед Әбсаттаров, қалалық білім бөлі­мінің
басшысы Марат Аралбаев, Жалағаш ауданы №201 орта мектептің директоры Талғат
Садықов, Қазалы ауданы көлік-техникалық колледжінің директоры Болат Ахметов сөз
алып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің міндетін атқарушы
Нұржан Әлі­баев ұстаздар қауымын жаңа оқу жы­лының басталуымен құттықтап, жылы
лебізін білдірді, білім сала­сын дамыту бағытында облыс бас­шы­сының қолдауымен
атқары­лып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Құрметті ұстаздар! Жыл сай­ынғы дәстүрлі тамыз
кеңесінде өзде­ріңізбен жүздесудің сәті түске­ніне қуаныштымын. Елбасымыз Н.На­зар­баев
білім саласына ерекше мән бе­ріп, үнемі қамқорлық көрсетіп ке­леді. Білім –
басты назарда. Бұл дегеніміз мемлекеттің даму саяса­тында сапалы білімнің орны
айрық­ша екенін білдіреді. Осы мақсатта облысымызда облыс әкімі Қырымбек
Елеуұлы Көшербаевтың ерекше қол­­дауы негізінде 2013-2014 оқу жы­­лы барысында
білім саласына бө­лінген қаржы еселеніп артуда. Елба­сымыз 2020 жылға қарай 3-6
жас ара­лығындағы балаларды меткепке дей­інгі біліммен 100 пайыз қамтуды тап­сырған
болатын. Осыған орай «Балапан» бағдарламасы облыста 87 пайызға орындалып отыр.
Ал рес­публикада бұл көрсеткіш 75 пайызды құрауда. 2014 жыл­дың ба­сында
облыстық мәслихат депутат­та­рының қолдауымен қосымша 311 млн. теңге бөлінді.
Ен­ді облыс әкі­мінің тапсырмасына сәй­кес, 2016 жылға дейін 3-6 жастағы ба­лалардың
қамтылу көрсеткішін 100 пайызға жеткізу қажет, – дей келе Нұр­жан
Нұрмағамбетұлы 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы бойынша об­лыстағы мектепке
дейінгі оқумен және тәрбиемен 100 пайыз қамтуды аяқтау, заманауи бағдарламамен
жұ­мыс жасайтын балабақшалар желісін кеңейту, 1-3 жастағы «Бөбекжай» топ­тарының
ашылуына жұмыс жасауды тапсырды.

Белгілі болғанындай, облыстағы 291 жалпы білім беретін
мектептің 79-ы бей­імделген ғимараттарда орна­ласса, 25-і апатты жағдайда деп
танылған, 51 мек­тепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Бүгінгі күні осыған орай
тиісті шаралар қабылдануда.

Елбасының Жолдауында мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға
кедергісіз ай­мақ жасау туралы ерекше айтылған бо­латын. Өкінішке орай, облыс
көле­мінде мүмкіндігі шектеулі 4235 бала­ның тек 0,3 пайызы инклюзивті білім
берумен қамтылған. Оған себеп әлі де білім беру ұйымдарында кедергісіз аймақ
жасау жұмыстарының өз дең­гейінде жүргізілмеуі болып отыр.

Жиын соңында бірқатар үздік ұс­таз­дар «Ы.Алтынсарин»
белгісімен, «Бі­лім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгісімен,
министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Ал­ғыс хатпен марапатталса, об­лыс әкімі­нің
грантына ие болған 20 студентке сер­тификат тапсырылды.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз