БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

53

0

Сыр еліндегі Қарағанды облысының өнері мен мәдениеті күндері аясында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет пен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатқа қол қою рәсіміне Қызылорда және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары Ақмарал Әлназарова мен Бейсембай Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары, ғалымдар қатысты. Алдымен екі оқу орнының басшылары Қылышбай Бисенов пен Арыстан Ғазалиев университет тарихы, маман даярлаудағы заманауи талаптар үдесінен шығу үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша мәлімет ұсынды. 
Қорқыт ата университеті – тек қана облыс аумағына ғана емес республикаға танымал білім мен өнердің қарашаңырағы. Өткен жылы 75 жылдық белестен асқан оқу орны инновациялық идеялардың ұстаханасына айналды. Университет 2005 жылы Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқылардың қатарында Болон декларациясына, университеттердің ұлы Хартиясына қол қойған. Еуразия-Тынық Мұхиты университеттер желісінің, жалпыеуропалық және еуразиялық университеттер ассоциациясының толыққанды мүшесі. Бүгінде мұнда 10 мыңнан астам студент оқиды. Оларға ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, магистрлар дәріс береді. Сыр еліндегі білім мен ғылымның, өнердің қарашаңырағы өз түлектері – Кеңес Одағының Батыры Иван Журбаны, Халық қаһарманы Роза Бағланованы, академик ғалымдар Досмұхамед Кішібековті, Әбдімәлік Нысанбаевты, Рахманқұл Бердібаевты, Нәдір Нәдіровті, олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильинді мақтан тұтады. Сондай-ақ, оқу орны Канаданың, Американың, Францияның, Ұлыбританияның ғылыми орталықтарымен тығыз ынтымақтастық байланыста жұмыс істейді.
ҚарМТУ-дың да тарихы тым тереңде. Биыл 60 жылдық мерейтойын атап өткен. Еңбек нарығына қажетті жоғары білімді техникалық мамандарды дайындауда қалыптасқан оқу базасы, педагогикалық кадрлары, өз дәстүрі бар. Сонымен бірге, мұнда республикадағы қоры жағынан ең бай кітапхана жұмыс істейді. Мамандар даярлауда жоғары сапаға қол жеткізгені үшін бірнеше халықаралық сыйлықтарға ие болған. Мұндағы білім беру үрдісі халықаралық сапа стандартының талаптарына сай келеді. Түйіндеп айтқанда, екі оқу орнының бір-бірінен үйренері, бөлісері көп. 
Рәсімде Қызылорда мен Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары университеттердің еңбек ұжымдары мен профессор-оқытушыларын екі білім ошағы үшін де маңызды болып саналатын меморандумға қол қойылуымен құттықтады. Елбасының техникалық кадрлар дайындау, оларды еңбек нарығындағы бос орындарға жұмысқа орналастыру туралы тапсырмасының маңызы түсіндірілді. Бұрындары түлектердің экономист, юрист мамандықтарын таңдауы үрдіс болса, соңғы жылдары техникалық мамандықтарға көңіл қоюшылар қатары көбейіп келеді. 
Ресми бөлім аяқталған соң қонақтар Қорқыт ата университетінің «Тәуелсіз Қазақстан және Мемлекет басшысы” атты көрме залын, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми-әдістемелік көрмесін тамашалады. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз