БІЛІМ ЖYЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛ ТӘСІЛ

43

0

Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған семинар «Сындарлы оқыту теориясының басым бағыттарын қолдану жолдары» деп аталды.
Семинардың мақсаты – жоғары оқу орындары мен арнаулы кәсіптік мекемелер оқытушыларын көтеріліп отырған тақырыппен таныстырып, оны педагогикалық қызметінде қолдануға ұсыныс беру және тәжірибемен бөлісу.
Қоғамның дамуы келешек ұрпаққа білім нәрін себуші мәртебелі мамандық иесі мұғалімнің біліктілігіне байланысты болатындығы бесенеден белгілі. Қазіргі орта білім жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында кең тарағаны осы сындарлы оқытуға негізделген тәсіл. Бұл теория оқытушылардың ойлауын дамытып, олардың бұрынғы білімдері мен жаңа түрлі дерек көздерінен, сондай-ақ мұғалімнен, оқулықтан, сыныптастардың көмегімен алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. Нәтижесінде оқушы ізденісі мен зерттеулерінің арқасында өз күшімен білімін толықтырады. Ал ұстаздың міндеті шәкірттерінің қабілеттерін қалыптастырып, өз беттерімен білім алуына қолайлы жағдай туғызу. Осы тұрғыда 2012 жылдан бері еліміздің мұғалімдеріне жаңа форматта оқыту мен оқудың Кэмбридждік тәсілін меңгерту қолға алынып, 2016 жылға дейін 120 мың педагогты оқыту жоспарлануда.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық, Қызылорда «Қызмет» колледждерінің педагогтары қатысқан семинарда «Деңгейлік бағдарламалар орталығының» тренерлері сындарлы оқыту теориясының негізгі модульдерін слайдтар арқылы көрсете отырып, әдіс-тәсілдерін түсіндірді. 
Шара соңында ұстаздарға арнайы сертификаттар табысталды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз