БІЛІМДІ ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ

56

0

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2014-2016 жылдарға арналған білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары және заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспары мен Заң жобалау жұмыстарының 2015-2016 жылдарға арналған перспективалық жоспарының жобалары таныстырылды.  Селекторлық мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев қатысты. 
Үкімет отырысында бірінші болып білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары тақырыбында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады.
Министр өз сөзінде бастауыш мектептің жаңа бағдарламасы 2015 жылға қарай енгізілетіндігін мәлімдеді. – Біз 2015 жылға қарай бастауыш мектептің жаңа бағдарламасын қолданысқа енгізу жобасын жөн санап отырмыз. Бұл – сапалы білім беруге қолжетімділік бойынша қала мен ауыл арасындағы тепе-теңсіздікті ресурстық орталықтарына қатысты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу, қашықтан оқыту және шалғай орналасқан мектеп ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету мәселелерін оңтайлы шешуге зор мүмкіндік береді, – деді министр. Сонымен қатар, ведомство басшысы орта білім беру сапасын көтеру үшін мектептік білім беру мазмұнын жаңарту, кадрлық әлеуетті, ең алдымен ауылдық мұғалімдердің әлеуетін күшейту, мектептерде басқаруды жетілдіру үшін оқу процесіне ата-ана, мектеп және қоғамды тарту жоспарланып отырғандығын атап өтті. Оған қоса, отырыс барысында қамқоршылық кеңестерін құру, жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу мен мектептерде дербестік беру жайы да басым бағыттардың қатарына жататындығы айтылды. Сондай-ақ, білім беру мазмұнын жетілдіру үшін мектепке дейінгі оқыту жүйесінде ең кем дегенде 30 пайыз жаңа дамыту бағдарламасын әзірлеу қажеттігі сөз болды. Яғни, бас ұстаздың айтуынша, барлық мектепке дейінгі мекемелер үшін хабарландыру тәртібін енгізу осы саладағы сапаны бақылауға зор мүмкіндік беретін көрінеді. Мектепке дейінгі білім берудің инфрақұрылымын дамыту және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті ынталандыру бойынша шаралар ерте жастағы балалардың 80 пайызын тиісті білім берумен және тәрбиелеумен қамтылуын қамтамасыз етпек. Бұл ретте Аслан Сәрінжіпов орта білім берудің мазмұнын жаңарту Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін пайдалану арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін және мектептік білім беру жүйесі оқушылардың өмірде бағдар табуға, табысты болуға көмектесетін дағдылар мен қабілеттерге негізделетінін атап айтты. 
Білім және ғылым министрі еліміздегі кәсіптік білім беру саласын дамытуға қатысты басым бағыттарға да тоқталды. Оның айтуынша, елімізде техникалық және кәсіптік білім беру саласында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бизнес пен білім берудің әріптестігін күшейту және техникалық мамандық бойынша білім алуға тең мүмкіндіктер жасау басым бағыттар болып табылады екен. – Осыған орай, бүгінгі таңда ТжКБ жүйесінде «Кәсіпқор» холдингі» табысты дамып жатыр. 2016 жылға дейін 16 оқу орнында 7 мыңнан аса және жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша 9 мыңнан аса адам оқытылатын болады, – деді ол. 
Аслан Сәрінжіпов сондай-ақ, Ұлттық Бірыңғай тестілеудегі өзгерістер жөнінде де әңгімеледі.  Оның айтуынша, оқушылардың білімін бағалауға арналған бірыңғай ұлттық тестілеу тестіне толыққанды жауапты, сонымен бірге эссе жазуды талап ететін сұрақтар қосылатын болады. Тестілеу оқыту бағытын және мектептердегі білім беру деңгейіне көшіруді айқындау үшін қолданылмақ. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары оқу жылы ішінде бірнеше мәрте тест тапсыру мүмкіндігіне ие болмақ. 
Мәжілісте сонымен қатар, «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ Басқарма төрайымы Елдана Сәдуақасованың, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинованың, Назарбаев университетінің вице-президенті Хадиша Дайырованың хабарламалары тыңдалды.  
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселе, яғни, заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарының және Заң жобалау жұмыстарының 2015-2016 жылдарға арналған перспективалық жоспарының жобаларын таныстыру бойынша ҚР Әділет министрі Берік Имашев баяндама жасады. 
Әділет министрлігінің жоспар жобасында 37 заң жобасын әзірлеу көзделген, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Алдағы уақыттарда Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ең көп – 10 заң жобасын әзірлейтін болса, Әділет, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктері – 5, Өңірлік даму министрлігі – 4, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау және Қаржы министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейді.  Сонымен қатар, ведомство басшысы жоспар жобасына енгізілген 8 заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанын атап көрсетті. 
Мәжілісті қорытқан Үкімет басшысы Серік Ахметов жергілікті әкімдерге білім беру саласына, мұғалімдердің біліктілігін көтеру, түлектердің жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасуына, мамандарды қайта даярлау мәселелеріне жіті көңіл бөлуді тапсырды.  
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз