БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

52

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын асыға күтіп, ықыласпен тыңдағандар қатары жылдағыдай биыл да мол болды. Атқарушы орындардың ұйымдастыруынан бөлек кәсіпорындар мен мекемелер, тіптен жеке отбасылар еліміздің болашақ бағытын айқындайтын аталмыш құжаттың жариялануын асыға күткені рас. Өйткені, бұл жолғы әңгіменің жөні тіптен бөлек, әлем сахнасында өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде екі он жылдықты артқа тастаған туған еліміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен Ұлы мұраттарға қол созып отыр; дүние жүзіндегі озық отыз елдің қатарына ену жолындағы мемлекетіміздің талпыныс шынында, қиял-ғажайып емес, нақты атқарылған істің көрінісі екендігі рас. Оның анықтығын еліміздің барлық азаматтары көріп те отыр, кемел келешек жолында өздері де аянбай еңбек етіп келе жатқандығы анық.    
Президентіміз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырғандығымыз жөнінде нақты дәлелдер мен дәйектемелерді молынан келтірді. Әрбір отандасымыздың жүрегінде шексіз мақтаныш сезімін орнықтыратын бұл сенімділік – әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы нәтижесінде жүзеге асып келеді және де осы бағытта жалғаса түседі деген сенімдеміз. Қуатты мемлекетімізде тұрақты экономикалық өсімнің – барлық саланы қамтып келе жатқандығы «Мәңгілік Ел» идеясының беріктігін көрсетсе керек. Осы бағытымыздың жергілікті жерлерде нық орындалуы жолында бұрынғы еңбек адамдары, қазір ардагерге айналған азаматтардың өлшеусіз еңбектері бар екендігін де айта кеткенім жөн шығар деп отырмын. 
Бүгінгі таңда Жаңақорған  ауданында ардагерлердің 1 аудандық, 1 кенттік ұйымы жұмыс жасаса, оған 26 ауылдық, 12 мекеме, 36 мектеп жанындағы бастауыш ұйымдар мен 4 цехтық ұйым қарайды. Олардың қатарында 5380 зейнеткер бар. Оның 21-і ҰОС-на қатысушы, 576-сы тыл ардагері. 2008 жылдан бастап, біраз мекемелерде, мектептерде, ауылдық округтар жанынан ардагерлердің бастауыш ұйымдары ашылып, төрағалары сайланып, бөлмелер беріле бастады. Атқарушы билікпен бірлесе жүріп, біз елдің ынтымағына, Елбасының көрегендік саясатына, Қазақстанның болашағына сенеміз.   
Зинабдин ШЕРМАҒАНБЕТОВ, 
Жаңақорған аудандық ардагерлер 
кеңесінің төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз