БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ ТИІМДІ ЕҢБЕК ЕТУГЕ БАСТАЙДЫ

89

0

БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ ТИІМДІ ЕҢБЕК ЕТУГЕ БАСТАЙДЫЭнергияны
тиімді пайдаланудың өзекті проблемалары – бұл Астанада өтетін EXPO-2017
форумының басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін EXPO-2017 көрмесі
кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылып отыр. Оның тақырыбы
жан-жақты терең қызығушылық танытатын, қоғамдастықтардың тіршілігін анықтайтын
және осы қоғамдастықтардағы адамның күнделікті тұрмыс-ахуалын айқындайтын
фактор ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін энергия болып табылады.

 

«Болашақ энергиясы» жобасы алдына дәйекті мақсаттар
қойды. Олар қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегияларды, бағдарламалар
мен технологияларды зерттеу, қуатпен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін
арттыру мақсаттарын көздейді.

«Болашақ
энергиясы» жобасының атауында оның идеясындағы секілді энергияны жақын бола­шақта
пайдалану кезіндегі ең озық тәсілдерді қа­былдау, енгізу және қолдануды
білдіретін абст­рактілі ұғым қалыптасқан. Бұл тұрақты дамудың айнымас шарты
болып табылады.

«Болашақ энергиясы» жобасының түпкі ойы тұрақты қуат
көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын
аудару болып табылады. Халықаралық
көрмені Астанада өткізу нендей қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елі
Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы
қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан
төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық
және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың
өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның
саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам
экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын
асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің
жалғасы ретінде Қазақстан ұзақ жыл тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығы
үшін күресіп, жеңімпаз атанды.

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті
Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі.
Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да
әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның
үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны
жоғары жауапкершілікпен өткізу зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру,
ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары
дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Әрине, бұл оңай шаруа емес.

Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ
таңдап алынбаса керек. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан
баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес, әрине. Өйткені, шикізат
көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір таусылатынын жақсы біледі.
Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи
ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі
болып табылады. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энер­гетика,
биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қал­дық­тарын төмендету
мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды ұғым.

Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің
соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындап
отыр? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі
де болса шешімін таппаған күрделі мәселеге айналып отыр. Ал әлем дамудың жаңа,
экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да
Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Егер EXPO сәтті ұйымдастырылса, осы
бір қордаланған мәселелер шешімін табатынына еш күмәніміз жоқ. Миллиондарды
толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең
ауқымды пікірталастардың бірі болып табылады. Оны әлемдік қауымдастық та жете
түсініп отыр. Астананың игі бастамасына көрші, бауырлас елдерді айтпағанда,
дамыған Еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдіруде.

Осыдан екі жыл бұрын Астанада Қазақстанның жаһандық
экологиялық бастамалары жөнінде маман­дандырылған сессия өткен болатын. Сессия­ның
спикерлері ретінде Нобель сыйлығының лау­реаттары Роберт Ауманн, Эрик Маскин,
АҚШ Хьюстон университетінің баламалы энергетика зерттеу институтының директоры
Алекс Игнатиев, Мыңжылдық жобасы халықаралық ұйымының Венесуэла бөлімінің
төрағасы Хосе Кордейро, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Экоэнергомаш»
бас директоры Альберт Болотов, Назарбаев Университеті инженерлік факультетінің
машина жасау кафедрасының профессоры доктор Сарим әл-Зубайди, Назарбаев
Университеті Инженерлік мектебінің профессоры Жұмабай Бәкенов өз ойын ортаға
салды. Басқосуды қорытындылай келе, мамандар бүгінде бүкіл әлем қайта қалпына
келетін және баламалы энергия көздеріне баса көңіл бөлініп отырғанын айтып,
Қазақстанның бұл бастаманы қолдауға әлеуеті жеткілікті екенін алға тартты.
Жаһандық мәселелерді көтеріп, климаттың өзгеруін, болашақтағы энергия мен
экология қауіпсіздігін және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты
дамыту жобаларына қаржылай қолдау көрсету жайын талқылады.

Шындығында да, еліміздің географиялық орналасу
жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және
газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын
толтыруға тамаша мүм­кіндік туып отыр. Қазақстанның сағатына 1 трлн. кв энергия
өндіруге мүмкіндігі бар. EXPO-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия
көздері ар­қылы жұмыс істеуге көшеді. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар
еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындап отыр.

2012 жылы Көрмелердің халықаралық бюро­сының
Сарапшылық комиссиясы елімізге жұмыс са­па­рымен келді. «Дөңгелек үстел»
басында сарапшылар Қазақстандағы жұмыс кездесулері туралы алған әсерімен, тың
ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, олар Астана ұйымдастыру комитеті құжаттар
жинағын дайындау бойынша тамаша жұмыстар атқарғанын мәлімдеді. Техникалық
кездесу барысында туын­даған барлық сұраққа жауап алғанын айтты. «Біз Қазақстан
Президентімен, ел Үкіметінің ми­нистр­лерімен, Мәжіліс, Сенат өкілдерімен, Ас­тана
қаласының басшысымен, азамат­тық қоғам өкіл­­­дерімен, ҮЕҰ,
академиялық топтармен, сту­дент­­термен, кәсіподақтармен кезде­су өткіздік. Бар­лық
бұл мүдделі тараптар Астана EXPO-2017 жобасына толығымен қолдау көрсетіп отыр.
Мен де Қазақстанның жеңіске жетуіне шын жүректен тілектеспін және бұл елдің
қонақжайлылығы үшін алғыс айтамын», – деп ағынан жарылды қонақтар.

Бұдан шығатын қорытынды – әлемдегі белді ұйымдар
Қазақстанның EXPO көрмесін өткізуіне бір жағынан мүдделі болып отырса, екінші
жағынан Қазақстан мен оның энергия тақырыбына деген қызығушылығын көптеген
елдер қолдауда.

КХБ бас хатшысы Висенте Лоссерталес Аста­наның
EXPO-2017 өткізуге мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Ол біздің еліміздің үш
артықшылығына баса мән беретінін жеткізді. Оның пайымынша, біріншіден,
Қазақстан басшылығының саяси еркін­дігі бар, екіншіден, бұл істі абыроймен
атқаруға қажетті қор жеткілікті, үшіншіден, біздің еліміз ұсынып отырған
«Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінде бүкіл дүние жүзінде маңызға ие болып отыр.

EXPO-2017 ұлттық жобасына Мемлекет басшы­сының өзі
қолдау көрсетуі оны сәтті іске асырудың маңызды факторы болып табылады. 2011
жылдың жазында Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлерінің 38-ші
сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымға мүше мемлекеттер EXPO-2017
дүниежүзілік көрмесін өткізуде Қазақстанның кандидатурасын қолдайтынына сенім
білдірді. Президент бүгінде энергетикаға ауқымды инвестиция салу бүкіл әлем
үшін өте маңызды мәселе болып табылатынын атап өтті. Халықаралық беделді
ұйымдардың басшылары Елбасының дәй­екті тұжырымдарын қолдады. Ақыры Астана
маңызды халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне ие болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, EXPO дәстүрлі көрмесі бұған
дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп
келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір болып табылатын
жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы Кеңес республикаларымен,
сондай-ақ Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас
мемлекетте өткізу Астанаға тағы бір ұпай алып келетіні белгілі.

Қорыта келгенде, күннен күнге дамып жатқан заманауи
технологияларды тиімді пайдалану үкіметтік деңгейде қолға алынса, біздің
дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік
туар еді. Сонда біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай,
көптеген жұмыс орнын аша аламыз.

Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесін
өткізудің маңызы өте зор. Бұл еліміздің әлемдік деңгейдегі өзінің лайықты орнын
тағы бір дәлелдейтін халықаралық шара болып табылады.

Дайындаған Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз