БОЗОЙДАН БЕСАРЫҚҚА ДЕЙІН

46

0

АЙМАҚТЫ ГАЗДАНДЫРУДЫҢ ЕКІНШІ
КЕЗЕҢІ

Нақты кезеңде облыстағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстардың келесі кезеңі жалғасын табуда.

Жалпы ұзындығы 1143 шақы­рым болатын «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда жә­не Оңтүстік Қазақстан облыста­ры­ның аумағынан өтеді. Айта кетерлігі, ауқымды жобаның І кезеңі былтыр аяқталды. Жаңа магистраль бойынша тасымалданатын газды енді жергілікті тұрғындар да кеңінен пайдалана алады. Ол үшін аталған магистральды құбырдың бойындағы 500-ден астам елді мекеннің тұрғындарына газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз» компаниясы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГРС) орнатып, бұған қоса кварталішілік газ құбырлары желісін жүргізулері қажет.

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, 2014-2016 жылдар аралығында облыс халқының 70 пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тиісті жоба-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде. Мәселен, өткен жылы 5 техникалық-экономикалық негіздеме мен 10 жоба-сметалық құжаттаманы әзір­леуге облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге бөлінген-ді. Бүгінде аталған құжаттардан 4 техникалық-экономикалық негіздеме және 3 жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, олар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Ал, Сексеуіл және Жосалы кенттерінде АГРС-тер құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге биыл тағы 113, 8 млн. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отырғанын айта кетейік.

Облыс әкімдігі мен «Қаз­ТрансГаз-Аймақ» АҚ арасын­да өткен жылы жасалған мемо­ран­думға сәйкес, үстіміздегі жылы аталған компания аймақты газдандыру ісіне 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салуы тиіс. Бұл қаражатқа аймағымыздағы 5 ірі аудан орталықтарында құрылыс жұмыстары басталады. Атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларын орнату және кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұған қоса, Өңірлік даму министрлігімен атқарылған жұмыс­тар­дың нәтижесінде, қала іргесіндегі екі қонысты газдандыру ісі жүзеге асырылуда.

Нақтылап айтар болсақ, Қызыл­орда
қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округі мен Тасбөгет кентінің шет аймақтарын
газдандыру үшін биылғы жылы ел қазынасынан 1,2 млрд. теңге қаражат бөлінген.
Бүгінгі күні аталған қоныстарда кварталішілік газ құбырларының құрылыс
жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызылжармада газдандыру жұмыстарын «ДС-Тас» серіктестігі атқаруда.
Мердігер компаниялар келісім-шарт бойынша аталған құрылыс жұмыстарын 2015
жылдың желтоқсан айында аяқтаулары тиіс. Құбыр желісі тартылып біткен соң ол
қаланың батыс бөлігіндегі АГРС-1 стансасына қосылады. Мамандардың есебінше, сол
тұста Тасбөгет кентіндегі 13 мың, ал, Қызылжарма ауылындағы 8 мың тұрғын
«көгілдір отын» игілігін көретін болады.

Енді тариф мәселесіне келейік, «Қаз­ТрансГаз-Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалындағы мамандардың айтуынша, еліміз бойынша газдың игі­лігін көріп отырған 9 облыстың ішінде ең төменгі баға Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында екен. Аталған қос аймақта табиғи газдың ірі кеніштері бар. Ал, үстіміздегі жылдың 18 шілдесінен бастап аталған мекеме бір текше метр табиғи газдың босату құнын көтеріп, баға 12,7 теңгені құрады. Бұл біздің облыс үшін ел үкіметтің №641 Қаулысымен бекітілген шекті баға. Ма­мандар бағаның өсуін «Бейнеу-Бо­зой-Шымкент» магистральды газ құ­бырына қосылумен түсіндіріп отыр. Се­бебі, аталған магистраль арқылы та­сымалданатын табиғи газдың бір текше метрінің құны біздегі ілеспе газдың бағасынан бірнеше есе жоғары, яки 22 теңге. Дегенмен, еліміздің батысынан келетін табиғи газ бен өзіміздің Ақша­бұлақ кенішінде өндірілетін ілеспе газ­ды араластырудың нәтижесінде көпші­ліктің қалтасына тиімді ортақ баға шы­ғарылып отыр. Тұтынушылардың есін­де болса, Табиғи монополияларды рет­­теу Агенттігінің бұйрығына сәй­кес, газ бағасы елде соңғы рет 2012 жыл­­дың 1 желтоқсаны күні өз­герген бо­латын. Осының өзін­де біздегі газ ба­ғасы өз­ге өңірлермен салыстырғанда едәуір тө­мен күйінде сақталып отыр. Мы­са­лы, іргеміздегі Оңтүстік Қазақстан облы­сының тұтынушылары мың текше метр газ отыны үшін 25 мың теңге төлейді. Демек, қызылордалықтар шым­кент­тік­тер­ге қарағанда табиғи отын үшін екі есе кем төлем жасайды.

Сөз соңында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған ауқымды жобаның бірі – «Бейнеу-Бо­зой-Шымкент» магистральды газ құ­­бы­ры жобасының бірінші кезеңінің аяқ­­талуы саланың жаңа көкжиегін ай­қын­дайтынын айта кеткіміз келеді. Бі­ре­гей жобаның мақсаты – тұрғындар ты­ғыз орналасқан еліміздің оңтүстік об­лыстарын түгел газдандыру. Осы алып жоба аясында алдағы екі жылдың ішінде біздің облыстағы 21 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету межеленіп отыр. Жалпы, аймақтағы барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің бой­­ында орналасқандықтан газдандыру мә­­селесі таяу уақытта оң шешімін та­ба­тын болады. Сөйтіп, сонау Бозойдың об­­лыс шекарасындағы Бесарыққа дейін ал­дағы уақытта газдандыру жұмыстары басталады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз