“БІР ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМ МЕН…”

59

0

“БІР ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМ МЕН...”Өткен аптаның жұма күні Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Жігер” спортшы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бір жұлдыз болып жанам мен…” атты мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық фестивалі болып өтті.
Шара облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қаржыландыруымен «Мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жасау бойынша әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру” әлеуметтік маңызды жобасы аясында өткізілді. Ән айту, музыкалық аспапта ойнау, билеу жанрлары бойынша сынға салған фестивальдің мақсаты мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылығын дамыту, сол арқылы олардың белсенділігін арттыру, өмірдегі орнын табуға және қоғамның белсенді мүшесіне айналуына ықпал ету болып табылады. 
Шараға Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда және Атырау қаласынан өнерпаздар қатысты.  Қорытындысында бас жүлдені Атыраудан келген «Жаса” вокалды аспаптар ансамблі жеңіп алса, «Үздік әнші” номинациясы атыраулық Құралай Атоллаға және қызылордалық Абылайхан Қадыровқа берілді. «Үздік би” номинациясын Шиелі ауданынан келген Ақерке Әбибулла иеленсе, «Үздік сахналық киім” номинациясына шиелілік өнерпаз Алтынарай Әбдукәрімова лайық деп танылды. Ал көкшетаулық Кәмшат Уахитоваға «Үздік орындаушы”, сырдариялық қос өнерпаз Наурызбек пен Қыдырбек Төребековтерге «Көрермендер көзайымы”, атыраулық Ерлан Жұмабаевқа «Қазылар алқасының көзайымы” номинациялары берілді. 
Игілікті шараға кәсіпкерлер Мұса Әбдіқалықов пен Марат Сәрсенбаев демеушілік жасады.  
Барлыбек БАТЫР. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз