БРАКОНЬЕРЛІККЕ ҚАРСЫ КYРЕС КYШЕЙТІЛЕДІ

31

0

Сәрсенбі күні облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің төрағалығымен өткен кезекті алқа мәжілісінде бес мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, оның ішінде «Полициядағы кезекші прокурор – азаматтардың құқықтарының кепілі» туралы облыстық прокуратураның екінші басқарма басшысы Ерлан Қожанов баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, ішкі істер органдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан құқық қорғауды желеу етіп, қызмет бабын асыра пайдалануы, қылмыстық қудалау шеңберіне түскен азаматтар құқықтарының өрескел бұзылуы тыйылмай, келеңсіз жағдайларға жол беріліп отырған көрінеді.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы полиция қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 308-бабымен бес, 141-бабының бірінші бөлігімен бір қылмыстық іс қозғалған. Жауапқа тартылған төрт офицер мен бес қатардағы полицейдің бесеуі патрульдік полиция қызметінің және төртеуі жедел уәкілдер екен. Мысал келтірсек, түнгі мезгілде көшеде кетіп бара жатқан жәбірленуші Б.Ә.-нің ішімдік ішкендігін желеу етіп, қызметтік автокөлігіне күштеп отырғызғандарымен қоймай, оған дене жарақатын келтіріп, 46 мың теңгесін тартып алғаны үшін Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы патрульді полиция батальонының екі тәртіп сақшысы Қызылорда қалалық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, сотты болған. 
Қылмыстық ізге түсудің заң шеңберінде іске асырылуын қамтамасыз етуде облыстың прокуратура органдары тарапынан пәрменді шаралар атқарылуда. Бұл тұрғыда серпінді жоба ретінде 2011 жылы енгізілген «Полициядағы кезекші прокурор – азаматтардың құқықтарының кепілі» қадағалау жүйесінің мүмкіндігі толықтай қолданылып, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылмауына тосқауыл қойылуда. Соның нәтижесінде былтыр облыс ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінен он бір адамның үш сағаттан артық негізсіз ұсталғандығы анықталып, прокурор қаулысымен олар дереу босатылған. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 21-ге тең болған. Яғни, нәтиже бар. Аталған он бір адамның тоғызы Қызылорда қаласы, қалған екеуі Арал және Жаңақорған аудандарына тиесілі.
Кезекші прокурор қызметінің мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау, ізге түсу органдарында қылмыстың алдын алу және болдырмау, егер болған жағдайда тиімді шара қолдану, орын алған заң бұзушылықты уақытында анықтап, оны кезек күттірмей атқару.
Есепті мерзімде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабына сәйкес 389 тұлға сезікті ретінде ұсталып, соттардың оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкциясы берілген. Бір өкініштісі, бұлардың сегізі кәмелет жасына толмағандар болса, соншасы әйелдер екен.
Алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттарын айқындап берген облыс прокуроры Мемлекет басшысының тапсырмаларын, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тапсырмалардың сапалы да уақытылы орындалуын талап етті.
Бұдан соң «Аулауға тыйым салынған киікті қорғауға бағытталған шаралар және браконьерлік қылмыстармен күресу, оның алдын алудағы жұмыстар бойынша облыс прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобажанов баяндап берді.
Yкіметтің 2012 жылғы 25 шілдедегі қаулысының бірінші тармағымен ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынғанымен, бейкүнә жануарды заңсыз аулау тыйылмай келеді. Браконьерлік фактілері былтыр алдағы жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп кеткен. Облыс бойынша киікті заңсыз аулаудың 22 дерегі тіркеліп, 44 бас киік заңсыз ауланса, 250 киік мүйізі заңсыз айналымнан алынған. Ал биылғы қаңтар айында ғана 35 бас киік заңсыз ауланып, сараптамаға сәйкес қоршаған ортаға 3 млн. 518 мың теңге залал келгені белгілі болды.
Есеп беріліп отырған кезеңде Қылмыстық кодекстің 290-бабы бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған 18 іс бойынша айыптау үкімдері қабылданған.
Алқа шешімімен киіктердің өсіп-өнуін сақтап қалу, браконьерлікке қарсы күрес пен оның алдын алу, тосқауыл қою, әшкерелеу, сондай-ақ осы бағыттағы құқық бұзушылықтың алдын алуда әрбір мемлекеттік органға атқарылатын шаралар белгіленіп беру ұсынылды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз