ҰБТ ҰТЫМДЫ ДАЙЫНДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

52

0

ҰБТ ҰТЫМДЫ ДАЙЫНДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІОблыс бойынша биылғы оқу жылында 7065 түлек үлкен өмірге қанат қағады деп күтілуде. Аймақта 8 тестілеу орталығы бар, оның 6-ы аудан орталықтарында болса, екеуі Қызылорда қаласында орналасқан. Жаңа мектеп ғимаратында, типтік жобадағы мектепте және университеттер базасында орналасқан ҰБТ өткізу пункттерінде мүмкіндігінше жағдай жасалған. Түлектерді қабылдайтын аудиториялар саны нақтыланып, олар қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылды, желдеткіштер орнатылып,  жеке гигиена талаптары толық іске асырылды. Балаларды тасымалдауға, тамақтандыруға және жатақханаға  жылдағыдай мемлекет қорынан 17 млн. 560 мың  теңге бөлінді. 
Өткен жылдың қазан айынан бастап облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы өз жұмысын жыл бойы жүргізуге көшті. Оның базасында мектеп бітірушілерге, оның ішінде «Алтын белгіге” ,”Үздік аттестатқа” үміткерлерге дайындық, оқу курстары ұйымдастырылды. Онда білім алған 1006 мектеп бітірушіге аймақтағы ең озық, тәжірибелі ұстаздар қосымша білім беріп келеді. Сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен жыл  басында бөлінген бюджет тағы 45 млн. теңгемен толықтырылып, мектеп бітірушілер мен ұстаздарды, ата-аналарды қызықтырған Қазақстан тарихы және қазақ тілінен 2 томдық оқу-әдістемелік құралы алынды. Сәуір айынан бастап облыстың 157 мектебінде жоғары сынып оқушыларын ҰБТ сынағына дайындайтын электронды жаттығу алаңы іске қосылды. 14-15 наурызда облыс орталығындағы мектептердің 11 сынып оқушылары арасында Елбасының білім беру қоры есебінен тестілеу өткізілсе,  16 наурызда Алматы қаласындағы Халықаралық білім орталығының мамандары шақырылып, «Алтын белгі” мен «Үздік аттестатқа” үміткерлер сынақтан өткізілді. Оның қорытындысында әрбір түлектің берген жауабына сараптама жасалды, соған орай пән мұғалімдеріне тапсырмалар  берілді. Жаңақорған ауданындағы қосымша білім беру орталығында жаратылыстану-математикалық цикл бойынша тест сұрақтары авторларының бірі, педагогика ғылымының кандидаты Айтуған Әлжанов пән мұғалімдеріне оқыту семинарын өткізуде. Оған оқушылармен қатар облыстың математика пәні мұғалімдері де қатысуда. 
Биылғы мектеп түлектерінің орта білім алып, үлкен өмірге жолдама алатын жауапты кезеңін жоғары деңгейде өткізу тек білім саласының не болмаса мұғалімдер, ата-аналар қауымының ғана емес жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орындардың маңызды міндеттерінің бірінен саналады. Соған орай  аудандар мен қала әкімдеріне, облыстық ішкі істер,  төтенше жағдайлар департаменттеріне, Қызылорда электр жылу орталығына, облыстық телекоммуникациялар торабына, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне өз салалары бойынша жүргізетін жұмыс көлемі белгіленіп берілді. Ал ҰБТ өткізу пункттерінің жетекшілері  сынақ алынатын орынның ҰБТ   ережесіне сай жабдықталуын  қамтамасыз ету, облыстық баспасөз қызметкерлеріне оған дайындық барысын үзбей жариялап тұру тапсырылған-ды. 
Биыл ҰБТ-ға ішінара өзгерістер ендірілген. Базалық компетенцияны, логикалық ойлаудың деңгейін анықтайтын тестілер жасалған, математика пәніне 1 логикалық сұрақ қосылған. Ең бастысы, ҰБТ сұрақтарының базасы 50 пайыз жаңартылған. 
Қазір облыс мектептерінде оқу жылы басында жасалған іс-жоспарға орай жұмыстар жүргізілуде. Білім бөлімдерінде, мектептерде бекітілген жауапты қызметкерлер өз жұмыстарын сол жоспарға сай жүргізуге ұмтылуда. Мемлекеттік  сынаққа дайындық барысында пән мұғалімдері арасында өзара тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сәуір айының соңында мектеп түлектері арасында тәуелсіз сынама тестілеу өткізіліп, «Алтын белгі” мен «Үздік аттестатқа” үміткерлер саны нақтыланады.  
Білімнің өмір шырағы екенін ескерсек, бүгінгі түлекке оқу, оқу және оқу қажет. Білімдінің өрісі қашан да кең болары тағы анық. Олай болса, бүгінгі түлектерге іске сәт демекпіз.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз