БЮДЖЕТТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

45

0

Сейсенбі күні аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қа­тысуымен өткен облыстық мәсли­хаттың кезектен тыс 27 сессияның күн тәртібінде 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу және облыстық мәслихаты аппа­ратының Ережесін бекіту жөнінде мәселе қаралды. Сессияға депутат Аманжол Оңғарбаев төра­ға­лық етті. Бұл мәселелер бірік­кен мәжілісте жан-жақты тал­қыланғандықтан, шешім қабылданды.

– Аймақта металлургия кластерін дамыту бағдарламасы Үкіметтен қолдау тапты,– деді облыс басшысы қорытынды сөзінде.– Алдағы жылдары ірі кәсіпорындар, ферроқорытпа, шыны зауыттары салынбақшы. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылатынын айғақтайды. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкімен әріптестік негізде іске асып келе жатқан және болашақта қолға алынатын жобалар баршылық. Мәселен, банктің қаржыландыруымен жолаушылар тасымалы біршама жақсарып, «Жанрос Дриллинг” серіктестігіне айтарлықтай көмек көрсетілді, облыс орталығының жылу, су желілерін жаңғыртуға келісім жасалды. Аймақта іске асатын 8 жобаны ЕҚДБ қаржыландырмақшы.

Аймақ басшысы Ұлттық Кәсіп­керлер Палатасының жетекшісі Тимур Құлыбаев, ҚР Президенті жа­нындағы жастар саясаты кеңе­сінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов бастаған топ мүшелерінің Сыр өңірінде болып, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп иелеріне берілетін көмек, несие және жастарды пайдалы еңбекке тарту, олардың теріс ағымдарға ілесуін болдырмау жайында әңгіме өрбіткенін және өңірде осы бағытта, ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтты.

Жастар – ел болашағы.
Аймақтың экономикасын дамытып, әлеуетін көтеретін ертеңгі мамандарды бүгіннен
таңдау қажет. Соған байланысты биылдың өзінде 194 түлек Ресейдің маңдайалды
жоғары оқу орындарының грантына ие болса, тағы 300 жас еліміздегі ЖОО-ға облыс
әкімінің грантымен баратын болды. Мұнан кейін аймақ басшысы болашақта сағатына 500-дей жолаушы қабылдайтын
халықаралық әуежай құрылысының кешікпей
басталатынын, биыл Қорқыт ата кешенді комплексінің пайдалануға
берілетінін, Ресеймен шекаралас аймақтармен
байланыстардың жақсаратынын
айтып өтті. Сондай-ақ, ол халық қалаулыларын Байқоңыр қаласында салынған
әйелдер босанатын үйдің көпсалалы
ауруханаға айналдырылып, облыстық аурухананың филиалы ретінде ашылатынынан
хабардар етті.

Жұмагүл
ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз