ДАРЫНДЫЛАРҒА – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

39

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықаралық олимпиадалар мен ғылыми
жарыстардың жеңімпаздары болып танылған бір топ оқушыларды қабылдады.

Олардың арасында облыстық дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы,
«Ғылым әлемін ашамыз” атты Х халықаралық ғылыми жарыстың алтын медаль иегері
Абай Мәжит, облыстық дарынды балаларға арналған №10 қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы, компьютерлік жобалар бойынша халықаралық жарыстың алтын медаль
иегері Гүлнәр Әбсадық, №6 облыстық мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы, оқу озаты, барлық іс-шараларға белсене
қатысатын Антонина Аксенова бар.
Облыстың ғана емес, еліміздің намысын қорғап, көк байрағымыздың биіктен
желбіреуіне үлес қосқан биылғы жылғы жеңімпаздар әкім қабылдауында болып,
өздерінің қол жеткізген жетістіктерін саралады.

– Қазақстан Елбасы айтқандай, болашақта әлемнің дамыған 30 елінің
қатарына қосылары хақ,– деді аймақ басшысы өз сөзінде. – Ол дәрежеге біз
өзімізде шығатын табиғи байлығымызбен емес, ғылым мен білімді дамыту арқылы қол
жеткізетін боламыз. Оған жеткізетін сіздерсіздер, сіздердің терең білімдеріңіз
бен өміршең ғылыми еңбектеріңіз. 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО-ны өткізу де
жастарға сын. Оған жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде «Қорқыт ата» демалыс кешенінің құрылысы
басталды. Оны белгіленген мерзімде пайдалануға беру көп істің ілгері басуына мүмкіндік жасайды.

Аймақ басшысы дарынды балалардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.
Облыс оқушылары Қазақстан, Ресей,
Грузия, АҚШ, Индонезия мемлекеттерінде өткен халықаралық олимпиадаларға, ғылыми
жарыстарға қатысып, 33-і жүлделі орындарды иеленді. Олардың 9-ы алтын, 8-і
күміс, 16-сы қола медаль жүлдегері болып танылды. Сырбойылық 3 оқушы Президенттік
олимпиаданың 1 алтын, 2 күміс медалін иеленіп, жеңімпаз атанды. Тағы бір айта
кетерлігі, бірқатар жеңімпаздар ғылыми-зерттеу жобаларының жалпыресейлік
сайыстарының жеңімпазы атанды. Сөйтіп биылғы жылғы 153 мектеп бітіруші Ресей
Федерациясының Мәскеу қаласындағы ұлттық технологиялық зерттеу университетінің
грантына ие болды. Олар алдағы уақытта Сыр өңірінде металлургтардың
қалыптасуына өзіндік ықпал ететін болады.

Жалпы биылғы жылы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға
қатысқан 39 түлек ҰБТ-дан босатылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5-ке көп.
Сонымен қатар 177 түлек облыс әкімінің стипендиясына ие болды. Өңір басшысы аймақтағы білім саласына
жасалып жатқан қамқорлықтарға жан-жақты тоқталды. Биылдың өзінде аймақта
бірнеше мектеп пайдаланылуға берілмекші.

Салтанатты қабылдауда сөз алған №15 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы,
«Ғылым әлемін ашамыз” атты Х халықаралық жарыстың алтын медаль иегері Дастан
Оразмахан, облыстық дарынды балаларға арналған №9 қазақ-түрік
лицей-интернатының 11-сынып оқушысы,VІ Президенттік олимпиаданың күміс медаль
иегері Антон Ким, облыстық дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатының 10
сынып оқушысы, компьютерлік жобалар бойынша
халықаралық жарыстың күміс
медаль иегері Бағлан Төлебай аймақ
басшысына өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды.
Бірі аймақ басшысының өткен өміріне шолу жасатса, екіншісі тоғызқұмалақ
ойынының электрондық бағдарламасын жасағанын қуана жеткізді.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев бүгінгі
жеңімпаз болып танылған 34 оқушыға бағалы сыйлық тапсырып, олармен естелікке
суретке түсті. Жүлдегер танылған
оқушылар атынан сөз алған дарынды балаларға арналған №10 қазақ-түрік
лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жанна Әлмаханова аймақ басшысына өздеріне
жасалған құрметі мен сенімі үшін алғыс сезімін жеткізіп, келешекте өздерінің
сол сенім үдесінен шығатындықтарына сендірді.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз