ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

57

0

Биылғы қыста жауын-шашын мол болды. Сондықтан алдағы көктем айларында су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін. Алдын ала дайындық барысы қалай жүргізілуде? Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен қыс-көктем мезгілінде су тасқынының алдын алуға арналған дайындық шараларында пысықталды.
Қазіргі таңда Шардара су қоймасында 2 млрд. 937 млн. текше метр су жиналды. Одан төменгі ағысқа секундына 750 текше метр су жіберілуде. Ал жыл басынан бері Көксарай су реттегішіне су алына бастады. Бүгінгі күні қоймаға түсіріліп жатқан судың көлемі секундына 500 текше метр, ондағы жиналған судың көлемі 628 млн. текше метрді құрап отыр. Сонымен қатар, Қызылорда су торабынан төменге өтіп жатқан судың көлемі секундына – 480, Әйтеке су торабынан секундына – 389, Қараөзек арқылы 90, Қазалы су торабынан секундына 365 текше метр су түсірілуде.
Облыс әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мыңділдә Ршауов Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша қалпына келтіруді қажет ететін барлығы 26 нысан анықталған. Оның 22-сі қорғаныс бөгеттері, 2-і су шаруашылығы нысаны болып отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 251 млн. теңгеден астам қаржы қажет. 
Қалпына келтіруді қажет ететін нысандардың бірі Жаңақорған ауданындағы «Төменарық» елді мекенінен жоғары орналасқан Қандыарал көлінің тұсындағы қорғаныс бөгеті. Қорғаныс бөгетінің тиісті ені 5 метр болса, қазіргі уақытта бөгеттің ұзындығы 2200 метр жерінің 2 метрге дейінгі енін су шайып, желініп құлаған. «Бөгетті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген жағдайда, қыс-көктем мезгіліндегі Сырдария арнасынан келетін мол суға төтеп бере алмай, тасқын су бөгетті бұзып, Қандыарал көліне жиналған су Сырдария өзеніне кері құяды. Қандыарал көлінде су болмаған жағдайда жаз айларында Төменарық, Сүттықұдық және Қожамберді елді мекендерінің үйіргелік жерлері аяқ сусыз, жайылымдық, шабындықтары сусыз қалып шаруашылыққа зиянын тигізеді», – дейді М.Ршауов.
 Осындай жөндеу жұмыстарын қажет ететін Шиелі ауданында – 6, Жалағашта – 4, Сырдарияда – 1, Қармақшыда – 5, Қазалыда – 1, Қызылорда қаласында 8 нысан бар. Анықталған аса қауіпті аймақтарға жақын елді мекендердегі тұрғындардың бірінші кезекте қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, аталған қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарында шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге облыс әкімі қажетті қаражатты шешіп беретінін айтты. Өйткені, тұрғындар қауіпсіздігі бірінші кезектегі мәселе болуы тиіс. Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы биылғы қыстың ерекшелігін ескере отырып, дәстүрлі жұмыстардың өзгеше болуы керектігін айтты. Бұл бағыттағы берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалауды облыс әкімі екі бірдей орынбасарына жүктеді. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз