ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

38

0

АҚШ: АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДІГІ ҚАЙТА ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ
АҚШ президенті Барак Обама арнайы қызмет өкілеттілігін қайта қарастырып, оған кейбір шектеулер қоюды ұйғарды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
АҚШ-тың әділет министрлігі алдында ондаған адам ұлттық қауіпсіздік агенттігінің тыңшылық әрекеттеріне шек қоюды талап етіп, наразылық акциясын ұйымдастырған болатын. Азаматтардың жоғалған сенімін қайтару мақсатында мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша біраз түзету енгізуді жөн көрген секілді. Осы орайда, Барак Обама ұлттық қаіпсіздік агенттігі реформасының негізгі ережелерін жария етті. Атап айтқанда, президент АҚШ-пен достық қарым-қатынастағы мемлекет басшыларын бақылауға тыйым салып отыр. Сондай-ақ құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі телефон тыңшылығына қатысты болды. Мәселен, арнайы қызмет өкілдері қарапайым азаматтардың телефонын тыңдамас бұрын енді сот жарлығын алып отыратын болды. Дегенмен, көпшіліктің ойынша, бұл тек сөз жүзінде ғана іске аспақ. Олар арнайы қызметтің тыңшылық әрекеті жуық арада тыйылмайды деп үрейленуде.
«Барлау қызметі өзге елдер билігінің мақсат-ниеттері жайлы ақпарат жинап отыруын жалғастырады. Бірақ, бізбен тығыз қызмет ететін мемлекеттердің билігі мен басшылары ол үшін алаңдамаса болады. АҚШ оларға серіктес ретінде қарап, сенім білдіреді», – дейді Барак Обама.
УКРАИНА: ЕРЕУІЛШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ
Киев орталығында наразылық акциясының қатысушылары мен құқық қорғау органдары арасында туындаған қақтығыстан зардап шеккендердің саны 100-ден асты. Бұл туралы Лента.ру ИТАР-ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады. 
 Бұған дейін хабарланған ақпарат бойынша, зардап шеккендердің саны 70 адам шамасында еді. Ал бейресми мәліметтер қазір Грушевский көшесінде екі мыңға жуық халық жүр деп хабарлап отыр. Шерушілер Петр саябағында «Беркуттің» шабуылынан қорғанып, үлкен бөгет құрып қойыпты. 
Түнге қарай басталған көтеріліс таңға қарай басылды. Шерушілер қақтығыс барысында түрлі айлалар қолданып, тәртіп сақшыларын жаяужол плиткаларымен, петардалармен атқылады. Оған жауап ретінде милиция шуылдақ гранаталар қолдануда. 
Жалпы, Киевте милиция мен шерушілердің арасындағы қақтығыс 19 қаңтар күні кешке басталды. Қазіргі биліктің әрекетіне наразы Майданға жиналған халық үкімет маңынан құрылған милиция шебін бұзып өтпек болып, соңы жаппай бүлікшілікке ұласып кетті.
ТҮРКИЯ: ШЕКТЕУГЕ ҚАРСЫ ШЕРУ 
Түркияның бірқатар қалаларында тағы да ереуіл басталды. Бұл туралы Ras.kz  сайты хабарлап отыр.
Жұртшылықтың бірқатар бөлігі өткен аптаның бейсенбісі күні ел парламенті қолдаған ғаламторға шектеу енгізу туралы заң жобасына қарсылық білдіріп жатыр. Мұндай ереуілдер Анкара, Анталья, Бурса, Карабюк, Мерсина, Самсун, Эскишехирспор қалаларында орын алды.
Стамбул қаласында полиция мен қауіпсіздік күштері халыққа тіпті күш көрсетіп, жиналғандарды тарқатуға кірісті. Қаладағы жағдай шиеленісе түскен. Сақшылар жиналған халыққа су шашып, қозғалыстарын шектеу үшін арнайы шеп құрып отыр. Айта кетейік, бұл заң жобасы бойынша мемлекет желідегі қауіпті деп таныған сөздер мен сайттарды жауып тастап, тұрғындарды толық бақылай алады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешім демократияға қайшы. «Ол азаматтардың құқығын шектеп, жеке өміріне қол сұғу деп бағаланады»,– дейді мамандар.
ТАИЛАНД: ЖАРЫЛЫСТЫ КІМ ЖАСАДЫ?
Таиланд астанасы Бангкокта оппозиция өкілдеріне шабуыл жасалды. Нәтижесінде бір адам қаза болып, тағы 37-сі түрлі жарақат алды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Полиция дерегі бойынша, үкіметке қарсы ұйымдардың наразылық шеруі болып өткен Бантад Тонг көшесінде жарылыс орын алған. Куәгерлер жарылыстың наразылық шеруін басқарған оппозиция жетекшісі Сутеп Таугсубаннан 200 метр қашықтықта болғанын айтады. Оппозиция өкілі жапа шеккен жоқ. Ереуілге қатысушылардың айтуы бойынша, жарылғыш зат шеру өтіп бара жатқан көше бойындағы ғимараттан лақтырылған.
Сутеп Таугсубан болған оқиғаға Таиланд үкіметінің қатысы бар деген мәлімдеме жасады. Ал премьер-министр Йинглак Чиноват болса, бұл айыптың шындыққа ұласпайтынын айтып, аталмыш оқиғаға жауаптыларды тауып, оларды жазалау үшін қажетті шаралар атқарылатынын алға тартты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз