ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

39

0

УКРАИНА: ҚАҚТЫҒЫС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Қазір әлем назары Киевке ауып тұр. Оппозиция бастаған шерушілер мен  билік арасындағы қақтығыс жұма күні тіпті шиеленісіп кетті. Бір тәулік ішінде барлық талаптарын орындатпақ болған ереуілшілер жайлы ел Премьер-министрі Николай Азаров «Біз мәселені бейбіт жолмен шешуге мүдделіміз, бірақ бұл олардың қисынсыз талабын орындау деген сөз емес» деген пікір білдірген еді.
Бұдан бұрын қақтығыс кезінде екі ереуілшінің қаза болғаны жөнінде ақпар таратылған еді. «Украинская правда» газетінің хабарлауынша 20-25 жас аралығындағы тағы бір жас жігіт ауруханада көз жұмған. Ресейдің «Россия 24» телеарнасына сұхбат берген Н.Азаровтың «Жауапкершілік жағдайды осынша ушықтырған оппозициялық партиялардың жетекшілеріне артылады. Алдағы бірнеше күнде олар бағыттарын айқындап алуы тиіс. Егер оппозиция бұзақылар мен экстремистерді, арандатушыларды қолдаса, онда солармен бірге екенін айтсын. Ал егер оларды қолдамайтын болса, онда үкіметпен бірлесіп, қала көшелерін арандатушылардан тазартуға кіріссін», – деген пікірінен кейін жағдай тіпті ушығып кетті.  
Киевтегі бұлғаққа қатысты ел пікірі екіге жарылып тұр. Мысалы, «Евромайданға» қарсы шыққандар таяуда ғана «Киевтіктер таза қаланы жақтайды» атты қозғалыс құрып үлгерді. Қозғалыс лидері Иван Проценко АҚШ елшілігіне Украинаның ішкі ісіне араласпауды талап еткен мәлімдеме әкелген. Оның пікірінше, елдегі ереуілді Америка қаржыландырып отыр. 
21 қаңтарда Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы жағдайдың «бақылаудан шығып бара жатқанына» алаңдаушылық білдіріп, Киевтегі шиеленістің созылып кеткеніне Украина оппозициясын айыптады.
Украина Парламенті қабылдаған жаңа заң бойынша, рұқсат етілмеген жиын өткізгендерге салынатын айыппұл көлемі мен қамау мерзімі көбейді.
Ал БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй бұл заңның адам құқықтары жөніндегі халықаралық заңнамаларға сай келмейтінін айтып отыр. Ол Украина билігі азаматтардың ой-пікір еркіндігін, бейбіт жиын өткізу, ақпарат алу еркіндігін және азаматтық қоғамның еркін жұмыс істеу құқықтарын бұзды деп, тез арада оларды жоюға шақырды.
ПӘКІСТАН: ЖАРЫЛЫС ҚҰРБАНДАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Пәкістандағы Белуджистан провинциясында автобуста болған жарылыс салдарынан кем дегенде 20 адам қаза болып, тағы осынша тұрғын ауыр жарақат алды, деп хабарлады Би-би-си телерадикорпорациясы.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жарылыс кезінде автобуста 51 жолаушы болған. Бірақ сараптама дұрыс жүргізілмегендіктен оншақты адамнан әзірге хабар жоқ.
БАҚ мәліметтеріне қарағанда, жарылыс Кветтадан 60 шақырым жерде екі автобустың бірінде болған. Іле-шала Равалпинди қаласында тағы бір жарылыс болды. Ел астанасы Исламбадқа жақын орналасқан шаһардағы жарылыс әскери нысандар көп шоғырланған  аумақта орын алған.   
ИРАК: РАДИКАЛДЫҚ ТОП ТЕРАКТІНІ МОЙНЫНА АЛДЫ
Ирактағы «Ансар ас-Сунна» исламшыл радикалдық тобы желтоқсанның соңында болған жарылыстарды мойнына алып, Сочиде өтетін олимпиада ойындарында жаңа терактілер жасайтынын ескертіп, мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Deutsche Welle басылымы хабарлады.
Солтүстік Кавказ исламшыл содырларын қолдайтын интернет сайттарында   жарияланған бейнежазбада өздерін Сулейман және Абдурахман деп таныстырған екеу Волгоградтағы терактіні жасағандарын мақтанышпен айтып, енді Сочиде жаңа жарылыстар жасауға дайындалып жатқандары туралы мәлімдейді. Бейнежазбаға қатысты Ресей құқық қорғау орындары әзірге ешқандай түсінік берген жоқ. Ресейдегі Волгоград қаласында 29 және 30 желтоқсанда қатарынан екі жарылыс болып, 33 адам қаза тапқан еді.  Ал оны мойнына алып отырған «Ансар ас-Сунна»  радикалдық тобы 2003 жылы Иракта құрылған, осы елдегі АҚШ әскерімен және жергілікті үкіметпен күресіп жүрген ұйым.
ВЬЕТНАМ: 30 АДАМ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ
Вьетнамда бір күнде отыз адам героин контрабандасымен айналысқаны үшін өлім жазасына кесілді деп хабарлайды Assocіated Press. 
Сотта белгілі болғандай, 21 ер азамат пен 9 әйел Лаостан Вьетнамға 2 тонна есірткі алып өтумен көптен айналысқан. Елде заң қатал болғандықтан олар ірі көлемдегі есірткіні Қытай асырмақ болыпты. Вьетнам заңы бойынша небәрі 600 грамм есірткі үшін өлім жазасына кесіледі.  Есірткі өндіру жағынан Ауғанстаннан кейінгі екінші орын алатын Вьетнамда осыған дейін 700-ге адам ауыр жазаға тартылған.   
ТАИЛАНД:  ЕЛГЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЕНГІЗІЛДІ    
Туристік орталық саналып келген Бангкоктың да басына бұлт үйріліп тұр. Өткен жылдың қарашасынан бері ереуілдетіп жатқан елде жақында шерушілер тобына жарылғыш лақтырылып, отызға жуық ереуілші зардап шеккен еді.  Осыдан сабақ алған Таиланд билігі тұрғындарға бес адамнан артық топ болып жиналуға тыйым салды.
Бейсенбі күні күшіне енген өкімге үкімет басшысы Йинглак Чинават қол қойған. Құжатта сондай-ақ журналистерге ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін екіұшты ақпараттар пен хабарламаларды жариялауға тыйым салынып отыр. Өкімнің күші төтенше жағдай енгізілген барлық провинцияларға таралады.  
Билікке өкпелі жұрт онсыз да көшеге шығудан қалып отыр. Оған себеп, аяқ астынан күн райының күрт суып кетуі. «Ауа температурасының төмендеуі 63 адамның қаза болуына әкеліп соқтырған»- дейді, ИТАР-ТАСС. Елдегі метеорология департаментінің ақпары бойынша, адамдардың өліміне көп жағдайларда суық ауа райының әсерінен туындаған аурулар себеп болуда.   
Синоптиктердің дерегіне қарағанда, корольдіктің солтүстік пен солтүстік-шығыс провинцияларында түнгі мезгілде ауа температурасы әлі де төмендейді. Мұндай ауа райы Таиланд астанасында соңғы 30 жылда болмаған екен.
АҚШ: ТАБИҒАТ ТОСЫН МІНЕЗ ТАНЫТТЫ
Американың Нью-Йорк, Нью-Джерси мен Делавэр штаттарында сейсенбіден бастап қатты жауған қардан елдің солтүстік-шығыс пен орталық-батыс аймақтарында төтенше жағдай енгізіліп отыр деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. 
АҚШ-тың ұлттық метеобюросының болжамы бойынша, бір тәуліктің ішінде жауған қар көлемі 36 см-ге жеткен. Чикаго, Бостон мен Нью-Йоркті қалың қар басып қалды.
«Қолайсыз күн райында үйде қалып, жолға шықпауларыңызды өтінемін», – дейді Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо өз мәлімдемесінде.
Біраз бұрын Пенсильвания, Нью-Джерси, Коннектикут, Вирджиния, Батыс Вирджиния мен Кентукки штаттарының билігі ауа райына байланысты барлық мектепті жапқан болатын. Табиғаттың тосын мінезінен жергілікті әуежайлар да күнтізбесін өзгертуге мәжбүр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз