ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

32

0

ҚЫТАЙ: ӨНДІРІСТЕ ІРКІЛІС БАР
Қытайдың өндірістік секторындағы жағдай нашарлай бастады.  HSBC Holdіngs және Markіt Economіcs мәліметтері осыны дәлелдеп отыр.
Қытай өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділікті сипаттайтын индекс төмендеп, 50 пунктті құрады. Қаңтар айында өндірістік сектордағы сатып алулар жөніндегі менеджерлер индексі 49,5 пунктті құрады. Алдын ала мәліметтер индекстің 49,6 пунктке дейін төмендегенін көрсетті. 
Бұл көрсеткіш осы секторда белсенділіктің төмендегенін білдіреді. Бұл фактор әлемдегі көлемі бойынша екінші экономиканың баяулағанының дәлелі.  HSBC зерттеулері бойынша, ол индекс көлемінің баяу өсуі мен жаңа экспорттық тапсырыстардың қысқаруына байланысты төмендеді.
УКРАИНА: ШЕРУДЕН КЕЛГЕН ШЫҒЫН КӨП
Киевтегі наразылық шаралары барысында келген шығын 2,5 млн. долларға жетіп жығылды. Бұл туралы Утро.ру сайты Украина астанасы мэрінің бірінші орынбасары Анатолий Голубченкоға сілтеме жасап хабарлады.
Оның атап өтуінше, наразылық шаралары барысында Грушевский көшесіндегі бірқатар ғимараттар өртеніп, Ғашықтар көпірі, Мариин және қала саябақтарындағы ағаштар отқа оранған. Бұдан бөлек, негізінен наразылық акциялары өткен көшелердегі жол жабындылары толығымен жойылып кеткен.  «Бүркіт» бөлімшесіне қарсылық таныту барысында  шерушілер қолына түскенді қиратып, қаланың келбетіне нұқсан келтіріпті. 
«Барынша оптимистік болжамдарға сәйкес қаланы қалпына келтіруге бірнеше апта уақыт керек. Ал алдағы уақытта қаланың залал шеккен мәдени нысандарын бағалау міндеті тұр», – деді А.Голубченко.
ФИЛИППИН:  ҚЫРЫҚ АДАМ ҚАҚТЫҒЫС ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ
Филиппинде әскерилер мен лаңкестер арасында орын алған қақтығыстан 40-қа жуық адам қаза тапты. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Филиппиннің Магинданао провинциясында жүргізіліп жатқан арнайы операция кезінде қарулы қақтығыс басталған. Үкімет әскерилері екі күнде содырлар жасырынған 3 лагерьге шабуыл жасап, 37 лаңкестің көзін жойды. Операция барысында 1 сарбаз қаза тауып, 7-і жарақат алған.
Қарулы күш өкілінің айтуынша, олар экстремистерге қарсы ұрыс жүргізіп жатыр. Полковник Эрмосо бүлікті лаңкестер шығарғандығын алға тартты. Олар әскери базалардың біріне шабуыл жасап, төтенше жағдай туғызған екен. Осыған байланысты басталған арнайы операция кезінде осы маңайдағы 10 мың адам баспанасын тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды.
Деректерге сүйенсек, Филиппинде 40 жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстардан 150 мың адам қаза болған. 
МЫСЫР: ЖАРЫЛЫС ЖАЛҒАСУДА 
Бейсенбі күні кешке Мысырда екі жарылыс болды. Жергілікті БАҚ таратқан ақпарат бойынша, алғашқы жарылыс Александриядағы полиция учаскесінде орын алған, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Солтүстік астанада «Мұсылман ағайындар» одағы мен жергілікті тұрғындардың арасында қақтығыс болды. Қауіпсіздік күштері төбелесіп жатқандарды тоқтату мақсатында көз жасаурататын газ қолданған. Бір адам өлтірілді. Белгілі болғандай, солтүстік астанадағы исламшылдардың өңірлік бюро басшысының 28 жастағы ұлы «Мұсылман ағайындардың» қолынан  қаза тауып отыр.
ТҮРКИЯ: СИРИЯ СОДЫРЛАРЫНА СОҚҚЫ БЕРІЛДІ  
Түркия әскерилері «Ирак және Левант ислам мемлекеті» аталатын экстремистік топ содырларының автоколоннасына оқ жаудырды, деп хабарлайды РОСБАЛТ Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 
БАҚ-тың хабарлауынша, әскерилер Түркия аумағында миномет снаряды жарылғаннан кейін Сириямен шекаралас жатқан жерде содырларға қарсы оқ атқан. Атыстан автоколоннадағы джип, жүк көлігі және автобус өртеніп кетті. Экстремистік топ өкілдері де қарап қалмай атыспен жауап берген. Бірақ қақтығыстан қанша адамның қаза тапқаны жайлы мәлімет жоқ.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз