ДЕНІҢ САУ БОЛСЫН ДЕСЕҢ — ШЫНЫҚҚАЙСЫҢ!

120

0

ДЕНІҢ  САУ БОЛСЫН ДЕСЕҢ — ШЫНЫҚҚАЙСЫҢ!

Осындай үндеумен Қазалыдағы «Шапа­ғат» мүгедек балаларға
арналған оңалту орталығында дәстүрлі күзгі спартакиада болып өтті. Әр жыл сайын
аталған спорттық-бұқаралық іс-шара «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның
демеушілік қолдауы арқасында өткізіліп келеді.

Үстіміздегі жылы «Шапағатта» мүмкіндігі шектеулі, орталық
жүйке жүйесі күйзеліске ұшыраған, көру, сөйлеу және есту қызметтері бұзылған 40
бала медициналық-психологиялық және педагогикалық көмек алып отыр. Орталық
жұмыс істеп келе жатқан 17 жылдан бері мұнда аудандағы екі жүзден астам мүгедек
балаға мамандандырылған жәрдем берілді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру ісінде,
әлбетте, айрықша еңбек орталық қызмет­керлерінің
еншісіне тиесілі, олар әрдайым өз жұмысын барын салып істейді. Медицина
қызметкерлерінің, мамандар мен педагогтардың осындай қажырлы еңбегінің
нәтижесінде «Шапағаттың» қырықтан аса бүлдіршіні әдет­тегі мектеп парталарына
отырып, білім алу мүмкіндігін иеленді.

Спартакиаданың ұйымдастырушылары бағдарламаға осы балалар
үшін неғұрлым қолжетімді саналатын спорт түрлерін қосты.

– Біздің тәрбиеленушілеріміз барлық қара­пайым балалар
секілді қозғалмалы ойындарды қатты ұнатады.
Алайда шапағаттықтардың мүмкіндігі шектеулі, сол себепті біздер олар
үшін қолжетімді жарыстардың түрлерін арнайы іріктеп алдық, – дейді «Шапағаттың»
президенті Шынар Жеңсікбаева. – Мекемеде медициналық, психологиялық және
әлеуметтік салалармен қатар, дене шынықтырудың арнайы әдістемелеріне де айрықша
маңыз беріліп отыр. Бойдағы дертіне қарамастан, балалар жеңіске деген өз
құлшыныстарын паш етуде. Бұл да болса, оңалту жолындағы маңызды қадамдардың
бірінен саналады. Бүгін мен мұқтаж сырқат балаларға қайырымдылық көрсеткені
үшін қамқоршыларға – «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ
компаниясына – алғыс айтқым келеді. Оларсыз «Шапағатта» бірде-бір іс-шара өткен
емес.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мұнай компаниясы
тағайындалған жүлделерді үш команда – «Қайсар», «Жасұлан» және «Барыс» өзара
сарапқа салды. Жеңімпаз команда кешенді
эстафеталардың төрт түріндегі балл жиыны бойынша анықталды. Қызықты жарыстардың
нәтижесінде бірінші орынды «Барыс»
командасы жеңіп алды.

Жарыс аяқталған соң балақайларға тәрбиешілермен бірлесе
отырып жергілікті аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшілігімен
жаттығу түріндегі жеңіл гимнастикалық сабақтар өткізілді.

Марапаттаудың салтанатты рәсімінде «ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен
байланыс жүргізу бөлімінің менеджері Хұсайын Сәрсембаев мұнайшылар атынан
барлық қатысушыларға спорттық үлгідегі киім-кешектер жиынтығын табыс етті. Командалар
дипломдар мен кубоктарға ие болды. Бұған қоса, «Шапағаттың» барлық
тәрбиеленушілеріне тәтті тағамдар ұсынылды.

– Қымбатты балалар,
сендерді жеңістеріңмен құттықтаймын! – деді Хұсайын Сәрсембаев, – Бүгін бәрің
де жарадыңдар және жеңіске деген ұмтылыстарың үшін рахмет айтпақпын. Дене шынықтыру
– бұл, ең алдымен, денсаулық. Ештеңеге де қарамастан, сендер ерік пен
күш-жігерлеріңді таныта білдіңдер. Жеңіс тек қана күштілерді мойындайды! Күшті
болыңдар!

«Қайсар» командасының
капитаны Құрмаш Таңатар бұл сәтте қатты толқып тұрды, сонда да болса өзінің
алғыс лебізін көпшілікке жеткізе алды:

– Жарыс өте қиын болды, бірақ біз ақырына дейін сайыстық, – деді
ол. – Біздер бар күшімізді аямадық және екінші орынға шықтық. Сыйлықтары үшін
«ПетроҚазақстанға» рахмет айтамыз, олар бізді ешуақытта да ұмытпайды.

– Орталықтағы тәрбиеленуші
балалардың барша ата-аналарының атынан «ПҚҚР» АҚ мұнайшыларына шын жүректен
ризашы­лы­ғымды арнаймын, – деді өз сөзінде «Шапағатта» тәрбиеленіп жатқан бір
балақайдың ата-анасы Алтынкүл
Киікбаева. – Мұндай қамқорлықсыз балаларға арналған іс-шаралар есте қаларлықтай
болып өтпес еді.

Осы орайда
ұйымдастырушылардың Қазалыдағы №170 мектеп пен оның директоры Нұрлан
Имашевқа айтар алғысы шексіз. Бұрнағы
жылдары шапағаттықтар оңалту орталығының шағын залында және басқа да спорт
ғимараттарында жарысқа түсіп келген еді. Ал бұл жолы мүгедек балалар тұңғыш рет
күзгі спартакиаданы Әйтеке би
кентінде таяуда ғана ашылған қазақ
мектебінің іші жаңа әрі кең спорт залында өткізді.

Спорт мейрамы көптің
көңілінен шықты. Іс-шараның шымылдығы жабылар сәтте олар өздерінің ұстаздарымен
қосыла оңалту орта­лығының әнұранына айналып кеткен «Шапағат» әнін шырқап
жатты.

Әлібек БАЙШҮЛЕНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз