ДӘСТҮРЛІ БАЙЛАНЫС ДАМИ БЕРЕДІ

53

0

Кеше Ақордада Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия
Республикасының Президенті Милош Земанмен кездесті.

Кездесу
барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, аграрлық және
мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері
талқыланды. Машина жасау, энергетика, медицина және туризм салаларындағы
ынтымақтастықты дамыту болашағы да әңгімеге арқау болды.

Мемлекет
басшылары сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы пікір
алмасты.

Нұрсұлтан
Назарбаев Қазақстан мен Чехияны зор әлеуетке ие дәстүрлі қарым-қатынастар
байланыстыратынын атап өтті.

– Көптеген
әлемдік оқиғалардың дамуына қатысты біздің елдеріміздің көзқарасы ортақ. Чехия
біз үшін Еуропадағы маңызды сауда серіктес болып саналады әрі соңғы жылдары экономикалық
қатынастардың қарқыны өсіп келе жатқаны байқалады. Қазақстанда 70-тен астам
бірлескен кәсіпорын, мәселен, «Шкода» автомобильдерін құрастыру өндірісі жұмыс
істейді. 2005 жылдан бері 15 мың автомобиль құрастырылды, ал келесі жылы 8 мың
көлік шығару жоспарлануда. Жалпы алғанда, бізде қарым-қатынастарды әрі қарай
дамытуға, соның ішінде үкіметаралық комиссияны жандандыру арқылы дамытуға көп
мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Президенті.

М.Земан өз
кезегінде ынтымақтастықты түрлі салаларда дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ол
сондай-ақ өзінің Қазақстанға, стратегиялық маңызы бар өңірде орналасқан елге
келгенін атап өтті.

– Қазіргі кезде жаңа Жібек жолының
әлеуетін ашу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз Сіздің елдің қазіргі
дамуына ғана емес, оның әлеуетіне де Орталық Азиядағы маңызды орын алатынын
ескере отырып баға береміз, – деді Чехия Республикасының Президенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз