ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РӘСІМДЕУ

1071

0

ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалып, оған тараптар қол қоюы тиіс және еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады. Тараптардың еңбек шартын жасасуы және қол қоюы жұмыскерді жұмысқа жіберуге негіз болып табылады.
Жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында жасалған еңбек шартының мазмұнында тараптардың деректемелері, белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыскерге ұсынылатын жұмыс (еңбек функциясы), жұмыстың орындалатын орны, еңбек шартының мерзімі, жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары көрсетіледі. Егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және зиянды, қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер, жұмыскердің, жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері, еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі, тараптардың жауаптылығы, жасалу күні мен реттік нөмірі болуы тиіс. Сонымен қатар, тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
Еңбек кодексінің 24-бабына сәйкес еңбек шарты бойынша жұмыскер жұмысты жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесі қағидаларын сақтауға, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақытылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндетті. Жасалған еңбек шарты негізінде жұмыс беруші жұмысқа қабылдау туралы актіні (бұйрық) рәсімдеуге және аталған актіні жұмыскерге таныстыруға міндетті.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты жасалмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасының Әкім¬шілік құқықбұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіп бойынша жауапты болады.
Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі – лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Облыстық еңбек
саласындағы бақылау басқармасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз