ЕҢБЕК ЕРІ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

36

0

ЕҢБЕК ЕРІ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН  КЕЗДЕСТІСыр еліне екі күндік жұмыс сапарымен келген белгілі кардиохирург, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя  өткен жексенбіде облыстық медицина орталығында болып, науқастарды қабылдап, оларға кеңес берді және жергілікті кардиохирургтармен кездесті.

Кездесуде Юрий Владимирұлы Жолдауды түсіндіру бағытында құрылған ақпараттық-насихаттық топ құрамында елге келуге мүмкіндік жасаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа алғысын айтты. Сонымен бірге, Елбасының отандық медицинаны қолдау, әсіресе, кардиология саласының дамуына жасаған қамқорлығына ризашылығын білдіріп, Мемлекет басшысының қолдауы нәтижесінде еліміз күрделі де қымбат оталарды жасауда едәуір ілгерілеп келе жатқанын тілге тиек етті.  Сондай-ақ, ол медицина саласының уақыт өткен сайын дамып, соған сай емдеудің де жаңа әдіс-тәсілдері енгізіліп отырғанын айтып, дәрігерлерге жаңалықтан қалып қоймай, үнемі ізденіс үстінде жүру керектігін айтты.  Осы орайда Юрий Пя екі жақты әріптестік байланыс орнату жөніндегі меморандумға отыруды ұсынды.  Меморандум аясында қызылордалық кардиохирургтер Астанадағы Ұлттық орталыққа барып, шеберлік кластарына қатысуға мүмкіндік алады.  
ЕҢБЕК ЕРІ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН  КЕЗДЕСТІӨз кезегінде Юрий Владимирұлының шәкірті кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев сөз алып, кардиоорталық ашылғалы бері қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, ұстазына алғысын білдірді. Кездесу соңында дәрігерлер қауымы белгілі кардиохиругке ескерткіш сыйлық тапсырды.
Онан соң Юрий Пя қалалық ауруханада болып, ондағы дәрігерлердің жұмысымен танысты.  Мұндағы басты жаңалық үстіміздегі жылдың  ақпанынан бастап қызметіне кіріскелі отырған нейроинсультті орталық еді. Мұнда жылына кем дегенде 600 науқасты емдеу жоспарланған.  Жаңа бөлімнің ашылуына байланысты жансақтау бөлімінің төсек – орнын тағы 12-ге көбейту көзделуде.
Айта кету керек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылына барған тұста Юрий Пя  Цай Ден Хактың бюсіне гүл шоғын қойып, оның мұражайымен танысты. Онан соң ауыл тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар, Юрий Владимирұлына осындағы кезінде ата-анасы тұрған ескі үйді көзімен көрудің де сәті түсті. Ата-анасы өмірлерінің шуақты күндерін өткізген бұл шаңырақ Юрий үшін де қымбат.  – Мен қатты толқып тұрмын. Себебі, бұл – менің атам мен әжемнің, ата-анамның тұрған үйі. Демек, маған да ыстық мекен. Туған топырағыма 43 жылдан кейін келіп тұрмын, сондықтан ерекше тебіреністемін, осындай мүмкіндік жасаған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды Еңбек Ері. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз