ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ САЛЫҚ ТөЛЕУГЕ МІНДЕТТІ

38

0

Жуырда облыс бойынша облыстық салық департаменті­нің бастамасымен «Халық пен салық қызметі көлеңкелі эко­номикаға қарсы!» атты 3 айлық акциясы бастау алған еді. Осыға орай, қалалық салық басқармасында қала аумағына еңбек етуге келген шетел азаматтарын тіркету жұмыстарына байланысты шара өтті. Жиылысқа қала прокуратурасының прокурорлары, ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері мен облыстық Кәсіпкерлер ассоциациясынан және кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан қалалық салық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Әбдіреев акция барысында салық басқармасының қызметкерлері жан-жақты насихаттау, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын, арнайы дайындалған билборд, брошюралар мен бейнероликтер және фотобукты қатысушыларға таныстырды. Сондай-ақ, сырттан келетін еңбек мигранттарына заңды түрде салық органдарына тіркеліп, әрбір айға жеке табыс салығы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3704 теңге көлемінде алдын ала төлем жасалуы тиіс екенін айтты. Рұқсат 1 айдан 3 айға дейін мерзімге беріледі.

Былтыр ТМД елдерінен келген еңбек мигранттары үшін жаңа ережелер енгізілген еді. Көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге қатысты қала прокурорының орынбасары Е.Әжібеков, «Оңайлатылған тәртіп бойынша шетел азаматтары жеке тұлғаларда ғана жұмыс істей алады. Бір азамат өзінің үй шаруашылығына бестен көп емес еңбек мигранттарын шақыртуға құқығы бар. Кәсіпкерлерге бұл тәртіп қолданылмайды», – деп атап өтті.

Ал, Көші-қон полициясы басқармасының бөлім басшысы Н.Алимов, «Еңбек мигранттарының міндетті түрде келісім-шарт болуы және жалпы келу мерзімі бір жылдан аспауы керек. Одан көп мерзімге рұқсат беру ұзартылмайды. Шетел азаматы Қазақстаннан шығуы тиіс, сонан соң жаңа рұқсат беру өткен мерзімнен бір айдан соң ғана рәсімделеді», – деді.

Естеріңізде болса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жеке тұлғаларға сәйкес рұқсатынсыз еңбек мигранттарын тартқаны, сонымен қатар үй шаруашылығын атқаруға бестен көп еңбек мигранттарымен еңбек келісімшарттарын жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы рет осындай құқық бұзушылық үшін кінәлілер 30 айлық жалақылық көрсеткіш көлемінде (55 560 теңге), қайталанған жағдайда – 50 АЖК (92 600 теңге) айыппұл төлейді.

Жиында қатысушылар ойда жүрген біраз сауалдарына жауап алды.

Нұрбек Дәуренбеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз