ЕҢБЕК ҚҰҚЫ БАСТЫ НАЗАРДА

61

0

Жуық арада облыстық үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Басты мәселе, әлеуметтік еңбек жанжалдарының алдын алу, жалақы қарыздарын өтеу, «Ай-Дан Мұнай» БК кәсіпорнындағы шетелдік және жергілікті жұмысшылар жалақысын теңгеру мәселесі сөз болды. 
Сондай-ақ, зейнетақы заңнамасының аймақтағы агроөнеркәсіп саласында сақталуы, мұнай-газ, металлургия саласындағы және ірі кәсіпорын өндірісінде қызметкерлер жалақысын 10 пайызға өсіру жайы қаралды.   
Облыс әкімі орынбасары Н.Годунова төрағалық еткен отырысқа, үшжақты комиссия мүшелері, қала әкімі орынбасары, кәсіподақ және кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер палатасы, селекторлық байланыс бойынша барлық аудан әкімі орынбасарлары қатысты.
Елге белгілі, былтыр аймақтың әлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізді. Халықты жұмыспен қамту деңгейі артып, аумақта жұмысқа қабілетті халықтың 94,8% жұмыспен қамтылды. Еңбекақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыны өсіру бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылды. 
Елбасы дәстүрлі Жолдауында әлеуметтік-экономикалық саланың әрі қарай дамуының басым бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ортаны қалыптастыру және оңалту бойынша кешенді шаралар жасалып жатыр. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілерге еңбек ақы төлеудің жаңа үлгісіне өту туралы тапсырмасын жүзеге асыру, еңбек-қатынастары саласындағы шешуші мақсат болып табылады.
Еңбек қатынастарының маңызды мәселелерінің  қатарында бұрынғыша кәсіби аурулар мен өндірістік жарақат алу жағдайы болып отыр.
Ағымдағы жылы пилоттық режимде Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қызылорда облысында кәсіпорындағы еңбек жайы, мемлекеттік еңбек қорғау стандартына сәйкес болуы, жұмыс берушілердің ерікті түрде декларация тапсыру тәжірибесі енгізілуде. Аумақтық үшжақты комиссия (тәуелсіз эксперттер қатысуымен) оң баға берген жағдайда кәсіпорынға сәйкестік сертификаты беріледі. Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауға кепілдік беретін мекеме реестріне енгізіледі. Бұндай сынақтан өткен кәсіпорындар үш жылға дейін жоспарлы тексерулерден босатылады. Жұмыс берушінің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында, зейнетақымен қамтамасыз ету заңнамасына өзгерістер енгізілді. Егер, қауіпті еңбек жағдайы жоқ екендігі аттестациялау қорытындысымен расталса, жұмыс берушілер кәсіби зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. 
Сонымен отырыс қорытындысында, жұмыс берушілердің кәсіпорындағы еңбек жайының мемстандартқа сай болуы, декларация тапсыру тәжірибесін енгізудің жоспары әзірленіп, жалақыдан қарызы  бар мекемелер мониторингісі жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, еңбек жанжалдарына жол бермеу, Еңбек заңнамаларын қолдану бойынша жұмыс берушілерді оқытудың жоспары дайындалады. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес ірі және орта кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасасуда жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша кәсіподақ жұмыстарын жандандыруға ықпал жасалатын болады. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз