ЕҢБЕКПЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

52

0

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан ұрпағын еңбекке баулыған. «Еңбек етсең, емерсің» деген дана сөздерді соңына қалдырған. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еліміздің гүлденуі жолында әрбір кірпішін өз қолдарымен қалап жатқан еңбек адамдарына деген құрметті күшейтуді ерекше талап етті. Өйткені, еңбексіз жеке адамның да, елдің де көгеруі қиын.
Жақында Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік жобасының аясында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйелдер – еліміздің ырысы, еңбектегі – тынысы» атты облыстық еңбекші әйелдердің форумы өтті.
Форумға Сыр елінің еңбеккер әйелдері, өнегелі отбасылары, колледж, жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар бірлестіктерінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Форум жұмысын облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Р.Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Форумда ұрпақ өсірумен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлестерін қосып келе жатқан еңбекші әйелдер қауымының өкілдері – ұлағатты ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі Ж.Тәшенова, күрішші М.Дүйсенова, қалалық перзентхананың аға акушері М.Оразбекова, теміржолшы А.Ахметова, дәнекерлеуші А.Абдурахманова, кәсіпкер Т.Пірішева, почтальон Қ.Дәндібаева өздерінің еңбек жолдары туралы әңгімелер айтып, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берді.
Форумның соңында әр саланың озат еңбекші әйелдеріне «Кәсіп үздігі» номинациясы мен ескерткіш сыйлықтарды «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Аңсатова табыстады. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалады.
Форумның басты қорытындысы еңбек адамына құрмет көрсету, жасампаз еңбек арқылы еліміздің дамуына лайықты үлес қосуға үндеу болды.
Бекзат ОМАР,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз