ЕГІНШІЛІК САЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДА

48

0

Өздеріңізге мәлім, Елбасы
Н.Назарбаев­тың «Қазақстан-2050” атты Жолдауында: «Болашақ-аграрлық секторда.
Сонымен қатар, егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен
дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен
алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң
жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де
инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет” деп атап көрсеткен
болатын. Елбасының осынау тапсырмасына байланысты Қазақстан Республикасының
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу”
туралы Заңы қабылданды. Осы заңға сәйкес Қызылорда облысы әкімдігінің
қаулысымен агроөнеркәсіптік кешен саласында инновациялық жобаларды іріктеуді
ұйымдастыру қағидасы бекітілген болатын. Осы қаулыға сәйкес ағымдағы жылдың
наурыз айында инновациялық жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия отырысы
өткізіліп, жалпы құны 93,1 млн. теңге тұратын
ауыл шаруашылығының 11 жобасы іріктеліп алынған. Саралап айтар болсақ, 2
жоба мал шаруашылығына, ал 9 жоба егін шаруашылығына байланысты іріктелген.
Алдағы уақытта да жаңа инновациялық технологияларды кеңінен қолдану қолға алына
бермек. Бұл дегеніңіз, судың да сұрауы бар дегендей, өз кезегінде судың
үнемделуі мен тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін болмақ.

Сөз орайы келгенде айта
кетейік, қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған «Агробизнес-2020”
мемлекеттік бағдарламасы аясында Сыр аймағындағы егіншілік саласын қолдау және
дамыту жөнінде игілікті істер қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, биылғы жылы
егіншілік саласын қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 3,8 млрд.
теңге қаржы қаралған. Осыншама қаржы ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерге
еккен дақылдарының әрбір гектарына жұмсалған қаржы шығындарын азайтуға
жұмсалмақ. Нақтылай айтар болсақ, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің,
суармалы су жеткізіп беру қызметін арзандатуға және тұқым шаруашылығын қолдауға
ҚР Үкіметінің қаулыларымен бекітілген субсидия төлеу қағидаларына сәйкес
төленуде.

Егіншілік саласын мемлекеттік
қолдауға қатысты тағы бір айта кететін жағдай, бүгінгі таңда облыс әкімдігі
тарапынан алдағы жылдан бастап егін шаруашылығын әртараптандыру, яғни, күріштен
басқа дақылдардың көлемін көбейту
жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтқанда, әртараптандыруды қаржылай ынталандыру,
демек күріштен басқа дақылдарға берілетін субсидия көлемі арттырылады. Осы бір
тиімді тіршілікке байланысты жақында семинар-кеңестер өткізіліп, шаруашылық бас­шы­ларына
ауыл шаруашылығы саласы ғалымдары мен мамандары мол мағлұ­маттар берді.
Сондай-ақ, ғылыми тұрғыда негізделген ауыспалы егіс жүйесін сақтау арқылы
күріштен басқа мал азықтық шөп­тер, жүгері, картоп, көкөніс және бақша
дақылдарының көлемін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан
(қала) әкімдері мен шаруашылықтар арасында үшжақты меморандумдар жасалды.

Тағы бір айта кететін мәселе,
егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыру ауыл шаруашылығы тауарын
өндірушілері үшін агробизнесті жүйелі жүргізуге кедергі келтіретін толғақты
мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты облыста құрылған күріш
кластері аясында «Байқоңыр ӘКК ҰК” акционерлік қоғамы жанынан «АгроХолдинг
«Байқоңыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, шаруашылықтарға күзде
жиналатын өнім есебінен жоғары бағамен көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын
кепілсіз несиелендіріп жатыр. Демек, осы арқылы шаруашылықтар мен қарыз
берушілер арасында туындайтын толғақты мәселелер екі жаққа да тиімділік тетігін
табуда.

Қорыта айтқанда, Сыр аймағы
тұрғын­дарының асыраушысы – егіншілік саласын мемлекеттік қолдау шаралары
ертеңгі күні ел-халықтың несібесін молайтарына зор септігін тигізеді деген
байлам бар.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз