ЕГІНЖАЙДАН ЕСКЕН ЛЕП

45

0

Қармақшы ауданына қарасты егін шаруашылығы құрылымдары биылғы жылы 21387 гектар жерге
егіс дақылдарын еккен. Сыр елінің басты байлығы – күріш 14321 гектар жерге
орналастырылған. Айта кету керек, аудандағы жалпы егіс көлемі өткен жылмен
салыстырғанда 4,8 пайызға артып отыр.

Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге
мемлекет тарапынан 312,6 млн. теңге субсидия да берілген. Мемлекет тарапынан
жасалып жатқан қолдауға қайтарым жасауды мұрат тұтқан егіншілер ауыл
шаруашылығы дақылдарын мезгілінде ысырапсыз жинап алуға аса зор дайындықпен
кірісті.

Биылғы жылы егін орағына 179 астық
жинайтын жаткалар мен комбайндар сақадай сай әзірленген. Сондай-ақ, 186
трактор, 60 авто­көлік, 160 трактор тіркемелері де жөндеуден өткізіліп,
дайындық сапында тұр. Шаруашылық қыр­мандары мен қоймалары да астық қабылдауға
әзір. Орақ науқанына байланысты қажетті 2160 тонна дизель отынының 114 тоннасы
да жеткізіліп қойыл­ған. Жеткізуші «Нефть-транс Қызылорда” жауап­кер­шілігі
шектеулі серіктестігі 432 тонна автокөлік бензин де жеткізіп берген.

Қармақшылықтардың алғаш­қы орақтары ІІІ
Интернационал ауы­лындағы «Достық-Жер МК” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің
Әлімжан Пұсырманов басқаратын №1 егіс бригадасының егіс алқабына түсті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов қатысып, егінші-механизаторларға
толағай табыс тіледі.

– Биылғы жылы, – дейді «Жаңажол”
жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігі төрағасы, облыстық мәслихат депутаты
Қылышбек Әбішев, – біздің шаруашылық 3500 гек­тар жерге Сыр салысын екті.
Айтайын, бұрын-соңды мұндай көлем болмаған. Алла жазса, әр гектардан 60
центнерден Сыр маржанын жинасақ, қамбаға 210000 центнер алтын астық құйып
аламыз ба деген болжам бар. Шаруашылықтың техникалық паркін толықтай жа­ңарт­тық.
Биылғы жылдың өзінде жаңа­дан 4 комбайн, 2 жатка алдық. Біз өзіміздің егінді
жинап алу ғана емес, өзге де шаруашылықтарға кө­мек қолдарымызды созуға
әзірміз.

Иә, Қармақшы ауданына қарасты егін
шаруашылықтарының қай-қайсысы болмасын егін жинау науқанына толықтай әзірлікпен
келіп, ел несібесін молайтуға, яғни, ақ күрішке орақ салуға бел буа, білек түре
кірісіп жатыр. Кең дала төскейі еңбек дүбіріне бөленген.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Қармақшы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз