ЕКІ ЕЛ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

47

0

 

Елбасы Қазақстанға мемлекеттік
сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

 

Қазақстан Президенті кездесу барысында
В.Путиннің елімізге сапары үшін ризашылық білдірді.

– Сіздің Қазақстанға бұдан бұрынғы
мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы уақыт аралығында біз үнемі көзқарасымызды
салыстырып, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін түрлі орындарда шешіп отырдық.
Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға
және тереңдете түсуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 16 қазанда өтетін
ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы келіссөз мәселелерін де қозғады.

– Бүгінде ЕАЭО халықаралық аренада
құрмет пен беделге ие болып, өз аясын кеңейтіп келеді. Біз дұрыс жолда келеміз деп
есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан
мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынасын дамыту келешегі туралы да айтты.

В.Путин өз сөзінде жоғары деңгейдегі
кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

Осыдан кейін Ресей Федерациясының
Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында кеңейтілген
құрамдағы келіссөздер өтті. Онда Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық
серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті. Келіссөзден кейін өткен брифингте Мемлекет
басшысы қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлесімді
іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.

– Қазақстан мен Ресейдің арасында
өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың ілгеріден келе жатқан және нағыз
табыс­ты тәжірибесі қалыптасқан. Біздің әрбір кездесуіміз бірлескен жобаларды жүзеге
асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа негізделген
жаңа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Ресей Президенті өз сөзінде
бүгін сындарлы әрі мазмұнды келіссөздер өткенін атап көрсетті.

–Дәстүр бойынша бұл кездесулер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық, – деді В.Путин.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз