ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТАДЫ

82

0

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТАДЫ

Жаһандану үрдісі кең етек алған XXI ғасырда әлем елдерінің алдында
туындаған жалпы ортақтық сипаттағы мәселелер адамзат баласын алаңдатпай
қоймайды. Мұндай мәселелердің шешілуі барлық мемлекеттердің бірлескен
әрекеттері мен ортақ шараларын қажет етеді. Ал әрекеттер мен шаралар тиімді әрі
нәтижелі болу үшін үйлесімділік қажет. Мемлекеттер арасындағы әрекеттерді
үйлестіруге апаратын бірден-бір жол интеграция болып табылады.

Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан,
Ресей, Беларусь елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы
тарихи құжатқа қол қойғаны баршамызға мәлім. 2015 жыдың 1 қаңтарынан бас­тап іске кірісетін жаңа одақ оған енген мемлекеттердің халқы үшін игілікке қызмет жасайтын болады. Олай дейтінім, экономикалық интеграция
ұлттық мемлекеттілікті нығайтады. Экономиканы дамыту арқылы одан әрі
беріктендіре түсуге ықпал етеді. Себебі, интеграциялық бірлестіктердің өзегінде
экономикалық прагматизм, өзара сыйластық, барлық шешімді қабылдауға қажетті тең
құқықтылық және ашықтық жатыр. Сондықтан
Еуразиялық одақты құру
басқалардан іргемізді ажырату үшін емес, керісінше, басқа серіктестермен
неғұрлым тығыз ынтымақтастық орнату үшін құрылып отыр. Олай болса, экономикалық
одаққа бірігуден мемлекеттер тек қана ұтысқа ие болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бүгінде интеграциясыз алға қадам басу
мүмкін емес. Себебі, қандай да бір мемлекет өзге елдермен өзара ықпалдастық
орнатпайынша, бірлесе іс-қимыл жасамайынша, алға жылжи алмайды» деген болатын.
Шыңдығында да қазіргі заман
экономикалық интеграцияның заманы. Экономикалық тұрғыдан жасалып отырған тиімді
бастама Қазақстанның әлеуетіне оң ықпал етеді. Үш ел тауарларының еркін
қозғалысы алыс-берісті арттырып қана қоймай, бірлескен кәсіпорындар құруға да
бірегей мүмкіндік бермек. Үш ел арасында қызмет жасап жатқан Кедендік одақ та
кең өріс алмақ. Еуразиялық интеграция
аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің экономикасы бұрынғысынан да қарқынды дамитын болады. Өйткені Қазақстанда
жалпы нарыққа, бизнеске арналған
жобаларды жүзеге асыруға барынша
қолайлы жағдай жасалған. Біздің елімізде теміржол құрамдары, жүк көліктері мен
электротехника салалары қарқынды дамып келе жатыр. Сонымен қатар
одақ аясында әр кәсіпорын өз қызметін
емін-еркін жүргізетін болады. Ол үшін қосымша
лицензия немесе тағы басқа келісім-шарт
әзірлеудің қажеттілігі
туындамайды. Жаңа нарық әр
кәсіпорын мен әр азамат үшін ұтымды болады.

Елбасы «Минск-Мәскеу-Астана-Алматы» бағдары бойынша жүрдек теміржол
магистралін салу, қолданыстағы теміржол және автокөлік жолдары желісін жаңғырту
мәселелерін көтеріп отыр. «Әсіресе, Батыста – Еуропалық елдерге, ал Шығыста Қытайдың
көлік жүйесіне шығатын бағыттар ескерілуі шарт. Сондай-ақ «Каспий-Қара теңіз
каналы» жобасын жүзеге асыру қажет. Бұл көліктік коммуникациялар біздің
экономикаларды қаншалық ықпалдастыруға бел буып отырғандығымызды көрсетеді және
оған басқалары назар аударады», – деді.

Еуразиялық одақтың құрылуы бұл мүше елдердің XXI ғасырдың күрделі
әлемінде өзінің сенімді орнын табуға мүмкіндік беретін жол. Осындай Еуразиялық
кеңістікті қамтитын бірлестікке енуге
көптеген мемлекет басшылары қызығушылық танытып отыр. Демек, бұл біздің
дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді.

 

Амангелді АРЫСБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы «Теміржол»

филиалының төрағасы, облыстық мәслихат

депутаты.

 

 

Еуразиялық Одақ: ынтымақтастықтың
жаңа парағы

– Ресей, Беларусь және Қазақстан Президенттері Астанада 2015 жылдың 1
қаңтарынан бастап ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) құру жөніндегі келісімге
қол қойды. Осылайша, 170 миллион адамы бар ТМД кеңістігінде дамудың жаңа қуатты
экономикалық орталығына айналатын аса ірі жалпы нарық қалыптастыру аяқталып
келеді. Интеграциялық бірлестікті құрудың мақсаты – біртұтас өнеркәсіп,
экономика, бәлкім, тіпті қаржы саясатын қалыптастыру, сондай-ақ үш елдің
еншісіндегі ресурстарды жинақтау, өздері үшін дамуға мейлінше тиімді бағыттарды
таңдап алу.

«Еуразиялық Одақ құру жөніндегі
менің ұсыныс, пікірлерім ежелден қанаттас жатқан халықтардың береке бірлігін
алда да сақтау мақсатынан туындаған еді» – дейді Елбасымыз. Еуразиялық одақ –
бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы
тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған
жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне
ие. Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяны әлемдік қауымдастыққа 1994 жылы ұсынды.
Осылайша уақыттың өзі Еуразиялық одақ идеясының өміршеңдігі мен қажеттілігін
дәлелдеп берді. Мемлекет басшысының бастамасы теориялық қағида болып қана
қоймай, толық жүзеге асты.

2000 жылғы қазанда 5 мемлекет басшыларының бірігіп Еуразиялық
экономикалық қоғамдастық халықаралық ұйымын құруы еуразиялық интеграция үшін
маңызды кезең болды. Соның шеңберінде 2010 жылдан Кедендік одақ жұмыс істеп, ал
2012 жылдан біртұтас экономикалық кеңістік қалыптаса бастады. Ендігі
интеграциялық мақсат – Еуразиялық экономикалық одақты құру. Өткен 20 жыл
қазіргі еуразиялық интеграция жолындағы қиын, бірақ табысты кезеңдер болды. Бұл
– ҚР Президентінің зор жеңісі мен табысы деп білеміз. Осылайша 20 жыл бұрын
дүниеге келген геосаяси және геоэкономикалық дамудың ерекшеліктерін ескеретін
еуразиялық ықпалдастық идеясы бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің
стратегиялық мүдделерін көрсетуге қабілетті болып шықты.

 

Алмагүл Әбдімомынова,

Қорқыт ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Экономикалық теория және
мемлекеттік басқару» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты.

 

Ұзақ жолдың бастауы

Еуразиялық экономикалық одақ
интеграция үдерісін дамытады. Интеграциялық үдерістердің дамуы – тауарлар мен
өндіріс факторларының халықаралық қозғалысының өсуінің заңды нәтижесі. Осы нәтиженің
жүзеге асуы барысында елдер арасында шаруашылық-тұрмыстық байланыстардың
құрылуы және халықаралық сауда мен өндіріс факторларының қозғалысы жолындағы
көптеген кедергілерді жою жүйесі қалыптасады.

Интеграция болуы үшін төмендегідей
шарттар орындалуы тиіс:

1. Интеграциялық бірлестікке енетін
елдердің экономикалық даму деңгейлері шамалас болуы тиіс;

2. Интеграциялық бірлестікке енетін
елдердің географиялық жақындығы, мен тарихи қалыптасқан экономикалық
байланыстары болуы тиіс;

3. Елдер арасында экономикалық даму,
қаржыландыру, экономиканы реттеу, саяси қарым-қатынаста мәселелер ортақ болуы
тиіс.

Ресей, Беларусь, Қазақстанның бұрыннан
келе жатқан дәстүрі, экономикалық қана емес, әлеуметтік тығыз байланысы,
достастығы бар. Экономикалық, интеграциялық процестер жүрмейінше, халықтың
әл-ауқатын көтере алмаймыз. Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, басқа елдермен
келісімшарт жасасып, өз мүддемізді қорғап, басқалардың мүддесіне тиіспей, ортақ
шешімге келуге тиіспіз. Мұны Еуразиялық одақ құру қамтамасыз етеді.

Еуразиялық экономикалық одақ 170 млн.
халықты құрайтын үш елдің ортақ нарығын құруды қарастырып отыр. Тауарларды,
қызмет түрлерін, капитал мен жұмыс күшін еркін тасымалдауға жағдайлар жасалады.

Қазір біз «Қазақстан-2050»
Стратегиясын қабылдадық және жаппай жаңғырту жөнінен елеулі міндеттерді жүзеге
асырудамыз. Біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ұмтылып отырмыз. «Бұл
мақсатқа біз өзіміздің көршілерімізбен тығыз интеграция арқылы қол жеткізбек
ниеттеміз», — дейді Елбасымыз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы
экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі
мен инновациялық деңгейде дамуына септігін тигізеді.

 

Меруерт Өмірзақова,

Қорқыт ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Экономикалық теория және
мемлекеттік басқару» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының
кандидаты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз