ЕЛ АРАЛАҒАН ЕҢБЕК ЕРЛЕРІ ЕЛ-ЖҰРТҚА ЕРЕКШЕ ӘСЕР СЫЙЛАДЫ

47

0

ЕЛ АРАЛАҒАН ЕҢБЕК ЕРЛЕРІ ЕЛ-ЖҰРТҚА ЕРЕКШЕ ӘСЕР СЫЙЛАДЫСыр өңірінің халқы – өздерінің аяулы ұлдарын қашаннан ардақтай білетін дархан жұрт. Бұған жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап шыққан ақпараттық топтың құрамында Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Юрий Пя сынды арда заматтар ел аралаған кезде тағы бір көзіміз жетті.
Егер сіз жолыңыз түсіп Қармақшы ауданындағы біздің ІІІ Интернационал ауылына келе қалсаңыз, бұл оннан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір үйдің баласындай тату өмір сүріп жатқан үлгілі ауыл деген түйінге келер едіңіз. Осы керемет ауылдан кешегі кеңестік заманда екі бірдей Социалистік Еңбек Ері шықты. Ауылдың кез келген тұрғынынан Пак Чин Ир мен Цай Ден Хактың кім екенін, қандай адам болғанын сұраңыз. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін бейбіт заманда туған еңбек батырларының ел үшін жасаған игі істері туралы сізге жалықпай айтып береді. «Елдің атын ер шығарады» деген осы да.
Міне,  КСРО кезінен республикадағы таңдаулы, үлгілі ауыл болған ІІІ Интернационалдағы Еңбек Ерінің қатары тағы бірге артып отыр. 
Жалпы, еліміз азаттық алған 20 жылдан астам уақыттың ішінде біздің облыстан бірде-бір адам мұндай жоғары атаққа қол жеткізген жоқ.  Кешегі Тәуелсіздік мерекесі күні  Сырдағы күріш компаниясы «Абзал и К» ЖШС төрағасы Абзал Ералиев пен атақты кардиохирург Юрий Пя Елбасының қолынан елдің ең жоғары наградасы – Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған кезде біз қос жерлесіміз үшін ерекше қуандық. 
Ал, осы Еңбек Ерлерімен аудан тұрғындарының, оның ішінде ауыл азаматтарының жүздесіп-тілдесуі  бізге ерекше әсер берді. Бұндай өнегелі жүздесу елдің есінде қалып, ұзақ сақталатыны анық. 
Өткен жылы егіннен тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш рет рекордтық өнім жиналды. Молшылық мерекесінде біздің даңқты жерлесіміз Цай Ден Хак ақсақалдың 100 жылдығы облыстық көлемде аталып өтілді. Осы той қарсаңында ауылымыз абаттанып, мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өткізілді. Бұған баршамыз қуаныштымыз. Ауылымызды жарты ғасырға жуық басқарған Дәкеңнің шарапаты жалғасын тапты.  
Ал, әкімнің бастамасымен халыққа қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен облыстағы барлық Социалистік Еңбек Ерлеріне автокөлік сыйға тартылуын өз басым нағыз еңбек адамына көрсетілген үлкен құрмет деп санаймын. Бұл – кешегі еңбек майталмандарының өнегелі өмірін өскелең ұрпақ жадында жаңғыртудың, еңбекті насихаттаудың ерекше үлгісі.  
Елбасы Жолдауын тұрғындарға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған сапар барысында облыс әкімі Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің ауылдарға 2 жыл ішінде 1 млрд. теңге қаржы салып, елдегі ең үлгілі мекенге айналдырғанын атап өтті. Біздің ІІІ Интернационал ауылы да тірек ауылдарының қатарына қосылғанына қуаныштымыз.
Өз кезегінде Абзал Ералиев: «Шын мәнінде бұл – Елбасы мен елдің маған берген биік марапаты. Бұны мен Сыр бойындағы диқандардың жеңісі, барлығымызға ортақ қуанышымыз деп білемін. Алтын жұлдыз маған үлкен жауапкершілік жүктейді» десе,  Юрий Пя жерлестерімен жүздескеніне қуанышты екенін айтып ел-жұртына белсеніп еңбек етуге жаңа күш-жігер беретінін жеткізді. 
Біз қос батырдың алтын жұлдызын толассыз еңбектің жемісі, иесін тапқан марапат деп есептейміз.  
Жас ұрпақ осындай ардақты азаматтардың еңбектегі ерлігін, олардың өнегелі ісін үлгі тұтып, жалғастыра береді деп ойлаймын.
Тельман ДЯМУРШАЕВ, 
еңбек ардагері, 
Қармақшы ауданының құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз