ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ

63

0

Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс
залында Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының негізгі
басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ мүшелерінің
қатысуымен облыс активі өтті. Шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму
министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш
Сұлтанов пен Бақытбек Смағұл, жергілікті және аумақтық атқарушы органдардың
басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен азаматтық қоғам
институттарының өкілдері қатысты.

Жиынды
ашқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өңірде Жолдаудың басым бағыттарын
түсіндіру мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, насихаттық топ
жұмысына сәттілік тіледі.

– Құрметті
жиынға қатысушылар! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол –болашаққа бастар
жол» атты Жолдауы осынау өтпелі кезеңде қоғамның сұрақтары мен сұраныстарына
жауап берген құжат болғанын білеміз. Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен
түсіндіру мақсатында ағымдағы жылдың 14 қарашасында облыстық идеологиялық актив
жиыны өтті. Осындай жиындар барлық аудандар мен Қызылорда қаласында
ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында елді
мекендерге жастардың мәдени көш-керуені сапарға шықты. Ақпараттық топтар
құрылып, облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ,
бүгін еліміздің аумақтарында Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі
республикалық ақпараттық топтардың халықпен кездесулері өтуде. Мемлекет басшысы
өз Жолдауында Халықаралық валюта қоры мен Бүкіләлемдік банктің болжамы бойынша
алдағы екі жылда әлемдік экономиканың даму деңгейі бәсеңдей түсетіндігін айтты.

Бұл
әлбетте, елдің әлеуетіне өз ықпалын тигізбей қоймайды. Инфрақұрылымды дамытуға
байланысты Елбасының шешімімен қыруар қаржы бөлініп отыр. Ұлттық қордан жылына
3 млрд доллардан үш жылда 9 млрд. доллар
және Халықаралық қаржы қорынан қаралатын қаржыны қосқанда 20 млрд. доллар
тікелей инфрақұрылымға жұмсалатын болады.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде көптеген жұмыс
орындарын ашуға болады. Осыған сәйкес біз де инфрақұрылымдық жобаларды
дайындап, іске кірісіп кеттік. Мұнайдан және ураннан түсетін табыстың 94,6
пайызына тәуелді өңір экономикасын әртараптандыруда жүзеге асырып жатқан
жобаларымыз дұрыс бағытты таңдағанымызды көрсетті. Десе де бұл, Елбасы
Жолдауында айтылған дағ­дарыс­тың алдын алудағы бас­ты шарттардың бірі болып
қала береді. Ал, жаһанды шарпыған күрделі кезеңнен Мемлекет басшысы айтқандай,
жұдырықтай жұмыла білген халық ғана өтеді,– деді облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев.

ҚР
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Елбасының
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының маңызына, онда нақтыланған
жеті бағытқа жеке-жеке тоқталып, негізгі міндеттерді саралап берді. Министр өз
сөзінде Елба­сының жаңа Жолдауы оның көрегендігін, сарабдал саясаткер екенін
тағы бір дәлелдеп бергенін айтты.

– Президент аталған Жолдауда алдағы
жылдары әлемде жаһандық дағдарыстың орын алатынын, ол қиындықтың біз­дің елге
де ықпалы тиетінін айта келе, сол қиындықтан елді аман алып шығудың тың идея­ларын, тиімді жолдарын
айқындап берді. Сондықтан да Ұлт көшбасшысының биылғы Жолдауы «Нұрлы жол
–болашаққа бастар жол» деп аталды. Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе
көрсетіп отырғандай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр.
Қолдауды экономикалық өсім және жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті
тиімділік беретін салалар алынуы тиіс екенін Елбасы ашық айтты. Нақты айтқанда,
көліктік, энергетикалық, ин­дустрия­лық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды,
шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, күре жолдарды ретке келтіруге аса
мән берілуде. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі.
Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы
керек. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Ел
ішінен тың нарықтар ашады. Яғни, алысты жақын ету – Жолдаудың ең басты түйіні
болып отыр, –деген министр онан әрі әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктерге,
оларға бөлінетін қаржыларға жеке-жеке тоқталды. Әлемде қандай қиындықтар орын
алса да біздің елімізде үкімет тарапынан берілетін қаржылай көмектер,
жәрдемақылардың тоқтатылмайтынын және азаймайтынын атап айтты. Ана мен балаға
берілетін жәр­демақылар, мүгедектерге қара­­латын қаржылар, сонымен бірге
бюджеттік мекеме қызмет­кер­лерінің айлық-жа­лақылары бұрын белгіленгендей,
кезең-кезеңімен қосыла беретіні айтылды. Сонымен бірге, Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі Тамара
Дүйсенова қолжетімді баспана мәселесіне баса мән беріліп, оның Жолдауда басым
бағыттардың бірінен саналатынын тілге тиек етті.

Жиында сондай-ақ, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз алып, Жолдаудың басты мүддесі елдің
бірлігі, ынтымағы екенін жеткізді және
«Мәңгілік ел» идеясының түпкі мәні жөнінде өз ой-пікірін білдірсе,
депутат Бақытбек Смағұл Елбасына арнаған шабытты жырын оқыды. №233 орта мектеп
директоры Әлфия Мұсаева, «Аквалайн» ЖШС директоры Ғалымбек Жақсылықов Елбасының
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді бірге
жүзеге асыруға шақырды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жаңа
экономикалық саясатты әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге бастайтын тура
жол екенін айтып, осы жолда ауызбіршілікпен, ынтымақпен жүріп, бүкіл әлемге
төніп отырған қиындықты ел болып аман-есен еңсеруге үндеді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз