ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАП, ТОРҒА ТYСТІ

40

0

Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны Талғат Баетов біле тұра сату мақсатынсыз ірі мөлшердегі есірткі затын заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін қылмыскерлер қатарына қосылды.
Сотталушы Талғат Ұланбекұлы 2013 жылы сағат 8.00 шамасында Жамбыл стансасы темір жол вокзалында бұрын-соңды таныс емес екі жігітпен жолығысып, 7332 грамм кептірілген марихуана салынған қара чемоданды Маңғышлақ стансасына дейін жеткізіп беруге уағдаласады. Бұл қызметі үшін олардан 100000 теңге сыйақы алатын болып келіседі. №377 «Алматы-Маңғышлақ” жолаушылар пойызының 8-ші вагонындағы 9-шы купенің 36-шы орнына чемоданды жасырып, өзі жол жүру құжатымен 34-ші орынға жайғасады. Арасында есті алған есірткіден ауыз тиіп үлгіреді. Сол күні кешкі сағат 19 шамасында ол құқық қорғаушылардың құрығына ілінеді.
Басты сот талқылауында сотталушы Талғат Баетов өзінің қылмыстық әрекетін толық мойындаған жауабында тұрғылықты жерінде жұмыстың реті болмағандықтан, Ақтау қаласына бару үшін аталған пойызға билет алғанын, жол жүретін күні пойыздың уақыты ертерек болғандықтан перронда шылым тартып тұрғанында жанына келген қос азаматтың бірі қайда баратынын сұрағандығын, оның Маңғыстау облысына жұмыс іздеп бара жатқандығын білген соң екінші азамат бір аманат бар еді деп өзінің ұсынысын білдіргенін, егер аманаты аман-есен жеткізілсе, 100 мың теңге сыйақы беруге келіскенін, сөмкеге не салынғанын сұрағанда анаша барын білгендігін, бірақ қаражаттан қысылып жүргендіктен келіскенін, сәлемдемені кім күтіп алатынын сұрағанда орныңды айтсаң өзі тауып алады дегендерін, сосын өзінің аты-жөні мен орнын және ұялы телефонының нөмірін жазып алғанын, ал пойыз келіп тоқтаған соң қолына қара чемоданды табыстағанын жеткізсе, пойыз Түркістан стансасынан өткеннен кейін тәртіп сақшылары қызметтік иттің көмегімен тексеру жүргізу барысында із кесуші ит өзі жасырып қойған қара чемоданды тап беріп үре бастағанын, полиция қызметкерлері қалтасындағы полиэтилен пакетіне оралған және чемодандағы анашаны куәгерлердің көзінше бейнетаспаға түсіріп, хаттама толтыру арқылы айғақ зат ретінде алғандығын, кінәсін толық мойындайтындығын, асырауында жас баласы барлығын айтып бас бостандығын өзінде қалдыруын сұраған. Бұл айғақтар куәгерлердің жауаптарында да расталған.
Былтырғы 19 желтоқсандағы сот-криминалистикалық сараптама қорытындысында алынған айғақ заттардың кептірілген марихуанаға жататындығы және оның жалпы мөлшері 7333,38 грамм екендігі анықталса, 23 желтоқсан күнгі сот-наркологиялық сараптама қорытындысы бойынша Талғат Баевтовтің маскүнемдікпен ауырмайтындығы, керісінше нашақорлықпен ауыратындығы, сондықтан бұл дерттен алты ай еріксіз емдеуді қажет етеді деп көрсетілген.
Сонымен Жаңақорған аудандық сотының биылғы 21 қаңтардағы үкімімен Баетов Талғат Ұланбекұлы ҚР қылмыстық кодексінің 259-бабы 1-1 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сұлтанәлі АЛИХАНОВ,
Қызылорда көлік прокурорының орынбасары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз