ЭТНОАУЫЛ БОЙ КӨТЕРДІ

49

0

ЭТНОАУЫЛ БОЙ КӨТЕРДІҰлыстың Ұлы күнін қазалылықтар зор қуанышпен қарсы алды. Аудан көлеміндегі елді мекендер, қала, кент тұрғындары Наурыз мерекесіне тыңғылықты әзірленіпті.  Білім бөлімі ұйымдастырған этноауыл баршаны елең еткізді. Ұлттық дәстүрімізді паш ететін бұйымдарға толы көрініс көңілге шаттық ұялатады. Мұндағы қараша үйдің керегесіне ілінген түлкі ішігі, арлан қасқырдың терісі, шебер өрілген қамшы, шанағы нақышталған домбыра, қошқар мүйізді ою кестеленген қоржын қазақы дәстүрімізден сыр шертеді. 

Шараны көпшілікке танымал термеші қарындасымыз «Тойбастармен» ашып, ақ кимешекті аналар шашу шашады. Міне, керемет! Бір шетте оюлы камзол киген жас келіншек диірмен тартса, келесісі күбі пісуде. Төңіректен шынайы қазақылықтың лебі есіп тұрғандай. «Әжелер ансамблі» дайындаған концерттік бағдарлама той сәнін айшықтай түсуде. Баршаға таратылған наурызкөже молшылықтың, береке-ырыстың нышаны сынды. Бұл күні тек концерттік бағдарламалар, серуен жасаумен шектелмей, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық акциясы да қолға алынды.
Наурыз тойын шалғайдағы Бекарыстан би елді мекенінің тұрғындары тағатсыздана тосуда. Айшығы күнмен шағылысқан «Аманбай ахун» мешітінде аруақтарға құран бағышталған соң дәм ұсынылады. Аумақты алаңда әсем әуен көкке қалықтап, күмбірлете күй төгіледі. Көше комитеттерінің бастамасымен әрбір көшенің тұрғындары өз өнерлерін ортаға салады. Келесі кезекте Қыдыр баба, ертегі кейіпкерлері көпшілікпен қауышып, «Қара жорға» биін жүзге жуық адам қосыла орындайды. Сондай-ақ кіші футболдан, тоспа доптан, ләңгі тебу, арқан тарту спорттық сайыстары мәреге жетеді. Жеңімпаздар ұйымдастыру комитеті тағайындаған ақшалай сыйлықпен марапатталады. Шара соңы жастардың би кешіне, жалпыхалықтық серуенге ұласады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз