ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

42

0

Облыстық
коммуникациялар орталығында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы
бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізіп,
жұртшылықпен кездесуде көңіліне түйген мәселелерді ортаға салды. Депутаттар
Парламентте қабылданған заңдардың
мазмұнын, қалай жүзеге асып жатқандығын түсіндіру мақсатында халықпен
жүздесулерін аяқтады.

Өңірдің
бірқатар ірі елді мекендерін аралап шыққан сенатор әсіресе балық, мал
шаруашылығындағы ахуалдың түзелгенін атап өтті. Жер-жерде әлеуметтік нысандар
салынып, ескілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Сенатор
өткен сессияда қабылданған 100-ден аса заңның арасындағы кодекстерге кеңірек
тоқталды. Мәселен, Қылмыстық кодекс әлемдік тәжірибеге сай ізгілендірілді. Ұсақ
бұзақылықтар мен экономикалық қылмыстар үшін оны жасаған адамдарды түрмеге
тоғытуды «қалтаға ұру», яғни айыппұл төлету арқылы жазалауға ауыстыру
енгізілді. Біздің ел түрмеде отырғандар саны бойынша әлемдегі 15-тіктің
қатарында екен. Сенат рұқсатнама беруді жүйелеудің заңдық негізін бекітті. Осы
уақытқа дейін атқарушы органдар 500-дей рұқсатнама беретін болса, олардың саны
30 пайызға азайды. Дамыған мемлекеттерде
рұқсатнаманың 40-тан астам ғана түрі бар.

Сондай-ақ
өткен сессияда мигранттар туралы заң қабылданды. Ресми деректерге қарағанда,
жыл сайын елімізге 800 мыңнан астам адам маусымдық жұмысқа келеді. Бейресми
дерек бұл көрсеткіштің 1 млн.-нан асып
жығылатынын айтады. Мигранттар туралы заң шетелден келетін жұмыс күшінің
мемлекетке салық төлеуін қамтамасыз етеді. Мұрат Бақтиярұлы өткен сессияда
қабылданған «Шетелдік инвестициялар туралы» заңның инвесторларға ұсынған
жеңілдіктері туралы да әңгімелеп берді. Сондай-ақ алдағы сессияда Сенат
қарауына келетін заңдар туралы айтты. Олардың ең негізгісі – Еуразиялық
экономикалық Одақ туралы заңды ратификациялау. Депутат интеграцияның
оңтайлылығын, онда одақтас үш мемлекеттің мүддесі тең қорғалатынын атап өтті.

– Алдағы
жылдың бюджетінің де әлеуметтік сипаты
басым болатын сыңайлы. Өйткені әлеуметтік ахуалды одан әрі оңалту, халықтың
тұрмыс-тіршілігін жақсарту мемлекеттің басты бағдары болып қала бермек, – деді
сенатор.

БАҚ
өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беруде Мұрат Бақтиярұлы
жекешелендірудің екінші толқыны, әлемдік экономиканың беталысы, аймақ
экономикасын әртараптандырудың маңызы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз